Мониторинг жұмыстарының арқасында биыл 13 млрд теңгеден астам қаржы үнемделді
Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адамдар 80 мың теңгеден 11 миллион теңгеге дейін сыйақыға ие болады. Бұл туралы 8 айдың жұмысын қорытындылаған Алматы қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент басшысының бірінші орынбасары Данияр Таумұрат мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде құқықбұзушылықтардың алдын алу шеңберінде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметіне 8 сыртқы талдау жүргізіліп, 173 ұсыным шығарылыпты.
«Мониторинг жұмыстарының арқасында жыл басынан бері 13 миллиард теңгеден аса бюджет қаражаты үнемделді. Сондай-ақ 8 ай бойы жасалған шаруа нәтижесінде 75 қылмыс тіркеліп отыр. Жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 3 фактісі, шағын және орта бизнес қызметіне араласудың 6 фактісі анықталды. Сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін 50 адам жауапкершілікке тартылды», - деді қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті басшысының бірінші орынбасары Данияр Таумұрат.
Сондай-ақ, мониторинг аясында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің жоғары бағалары анықталған. Одан бөлек, «Адалдық алаңы» жобасы аясында 2 мыңнан аса тұрғын көмекке жүгініп, олардың үштен бірі бұзылған құқықтарын толық қалпына келтірген.
«Соңғы 3 айда «Адалдық алаңы» жобасының қоғамдық өкілдері әр салада мониторинг жүргізіп келеді. Мәселен, дәрілердің бағасы, жалпы білім беру мекемелерін тексеру, қала мектептеріне компьютерлік техниканы бөлу, тұрғын үй саясаты саласы мен экологиялық мәселелерді реттеуге белсенді түрде қатысуда», - деді «Almaty - Adaldyq alany» жобасының жетекшісі Айнұр Сәбитова.