Газдың 1 мың текше метрі 2 мың долларға жуықтаған
Нарықта көгілдір отынның бағасы мұнайдан да қымбаттап кетті. Соңғы ақпарға сәйкес, газдың 1 мың текше метрі 2 мың долларға жуықтаған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 10 есеге төмен еді. Аталған жағдайдың салдарынан бірқатар мемлекеттер өндіруші қуатының бір бөлігін сұйық отынға ауыстыруға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлемді әбігерге салған бұл мәселе Қазақстанға қалай әсер етеді? Бұл сұраққа экономист, сарапшы-маман Мақсат Халық жауап берген еді.
«Бірден айту керек, газ бағасы өсуіне Еуропадағы газ құбырының тапшылығы әсер етіп отыр. Осы ақпарат шыға салысымен, бірден газ бағасының 3-4 есеге дейін қымбаттап кеткенін көріп отырмыз. Әрине, бұл бәріне алаңдаушылық туғызып отыр. Тек Еуропадағы жағдай ғана емес, биржадағы сауда да жалпы әлем бойынша газ бағасының өсуіне әсерін тигізіп отыр. Енді осы жағдай Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? Бізде көтерме сауда мен ішкі нарықта субсидия жасалады. Яғни, ішкі нарықтағы бағаны реттеп отыратын жағдай бар. Соның ішінде «ҚазТрансГаз» соңғы 5 жылдықта 500 млрд теңгеге жуық шығын көріп отыр. Яғни, сыртқы баға бөлек, ал ішкі бағаны төмендетіп ұстау үшін осындай қадам жасалып отыр», – деп түсіндірді экономист.
Ал газ бағасының тұрақталуына әлі қанша уақыт керек деген сауалға сарапшы өз пікірін білдірді.
«Бұл ұзаққа созылмайтын жағдай. Қазіргі сұраныстың нәтижесінде пайда болып тұрған көрініс. 2018 жылы газ бағасы рекордтық көрсеткішке жеткен еді, одан кейін тұрақталған болатын. Кешегі Ресей президентінің мәлімдемесі де бағаның реттелуіне себепкер болып отыр. «Егер Еуропада тапшылық болса, біз газды жеткізуге дайынбыз» деген мәлімдеме жасалды. Алдағы уақытта бұл тенденция ұзаққа созыла қоймайды, ары кетсе, 1-2 айдың ішінде бұл процесс тұрақталып, ретке келеді деп есептеймін», – деді Мақсат Халық.