Қазақстандағы жылдық инфляция 20,3 пайызға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
2022 жылдың желтоқсанында Ұлттық статистика бюросы осындай нәтиже шығарды. Ал бұл өз кезегінде импорттық тауардың қымбаттауына тікелей әсер етпек. Экономикадағы өзгеріс жаңа жыл бастала салып байқалды. Мәселен, 2023 жылдың алғашқы 5 күнінде доллар 5 теңгеге қымбаттап отыр.
«Жыл бастала салысымен теңгеміз құлдырай бастады. Бұл енді рубльдің құлдырауымен де байланысты. Геосаяси жағдайға байланысты. Өйткені, Ресей үшін күшті рубль қазіргі уақытта керек емес. Себебі, жанар-жағармай, мұнай саласынан түсіп жатқан табыстардың төмен екендігі байқалады. Сондықтан да алдағы уақытта теңгенің құнсыздану сценарийін көреміз. Бұл тұрғыда жанама түрде теңгемізге де әсерін тигізеді. Дәл қазіргі уақытта экономикамызға әсер етіп үлгерген жоқ. Бірақ алдағы уақытта девальвациялық күтім болып жатыр деп айтуға негіз бар. Соның негізінде импорттық тауарлардың қымбаттауы орын алуы мүмкін», – деді экономист Мақсат Халық
Жылдық инфляцияның нақты мәні 20 пайыздан асты. Азық-түліктің құны да арзан емес.
«Иә, жылдық инфляцияның нақты мәні шықты. Бүгінгі күнде ол 20,3 пайызды құрап отыр. Ал азық-түлік инфляциясына қарасақ 25 пайыздан асып жығылды. Шын мәнінде инфляция 40 пайыздың үстінде. Кейбір жекелеген тауарлардың қымбаттауы 70-80 пайызға дейін көтерілді. Қымбатшылық азаматтарымызға оңай соғып жатқан жоқ, төлем қабілеттін нашарлатып жатыр. Дейтұрғанмен, егер геосаяси жағдай тұрақталатын болса, жылдың ортасына дейін инфляция бірте-бірте төмендеуі керек», – деді экономист Мақсат Халық
Экономист Мақсат Халық алдағы жартыжылдыққа болжам жасады.
«Экономикалық болжамдарға байланысты шолу жасап өтетін болсақ, әлемдегі үлкен қаржылық институттар, соның ішінде халықаралық валюталық қор әлемде рецеция байқалады деп айтып жатыр. Соның ішінде Америкада, Европалық одақта, Қытайда негізгі белгілер анықталған. Яғни дағдарыс болуы мүмкін. Біздің де құрылыс саласына әсерін тигізуі мүмкін. Үйлердің бағалары күрт арзандап кетуі мүмкін. Әсіресе екінші нарықта, болжам ретінде қарастырылып отыр. «Z-Экономист» деген басылымда 2023 жыл оңайға соқпайтындығын, әлемде дағдарыстың негізгі белгілері бар екендігін айтып отыр. Бірақ менің ойымша халық бұдан ешқандай қорықпауы керек. Бізде мемлекеттік саясат дұрыс жүзеге асатын болса, халықта Үкіметке деген сенім пайда болатын болса, бұл ең негізгі фактор. Логистикалық тізбектегі мәселелерді шеше алсақ, онда Қазақстан үшін бұл қатты соққы болмауы керек», – деді экономист Мақсат Халық.