Қазақстан мен Қырғызстан арасында тауар айналымы 1 миллиард долларға жетті

27.05.2022 01:47

Cауда көлемін жақын арада 2 миллиард долларға жеткізу жоспарланып отыр

Ақорда

Қазақстан мен Қырғызстан арасында тауар айналымы 1 миллиард долларға жетті. Бұл туралы  Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз еліне ресми сапары барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Президент Қазақстан соңғы 15 жылда бұл елге 1 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйғанын тілге тиек етті. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор  жобалар да бар. Енді сауда көлемін жақын арада 2 миллиард долларға жеткізу жоспарланып отыр.

«Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайынбыз. Бұған «Kazexport» компаниясы қолдау көрсетеді. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес. Осы орайда, қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдаланамыз деп уағдаластық. Сондай-ақ азаматтардың шекарадан өтуін жеңілдетуге баса назар аудардық. Жүк тасымалы рәсімдерін жетілдіру жайын пысықтадық. Соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар ауқымды іс-шаралар атқарылды. Былтыр «Қордай» бекеті жаңартылып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіле бастады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров екіжақты ынтымақтастықты мейлінше жаңа деңгейге көтеруге, серіктестікті одан әрі жандандыруға және халықаралық аренадағы іс-қимылдарды үйлестіруге бағытталған бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Қырғыз Президенті де өз кезегінде екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

«Мемлекеттеріміз арасында ешқандай саяси қайшылық жоқ. Ең бастысы – осы. Қырғызстан мен Қазақстан күш біріктіре отырып, екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуды, сондай-ақ аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау үшін халықаралық құрылымдар аясында конструктивті ықпалдастықты қамтамасыз етеді», – деді Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров.