Алматыда күл-қоқыстан өнім алатын кәсіпорын ашылады

17.06.2023 01:49

Бүгін тараптар меморандумға қол қойды

Almaty.tv

Енді күл-қоқыстан да өнім алуға болады, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Алматының жылу электр стансасында жағылған көмірден қалған күл пайдаға жаратылмақ. Мамандар оны өңдеу кезінде ресейліктердің әдісіне жүгінеміз деп отыр. Кәсіпорын Алматыда салынатын болды. Ол үшін қазақстандық инвесторлар жобаға қаражат құюға дайын. Бүгін тараптар меморандумға қол қойды.

«Бізге осындай жобалар керек. Сол себепті АлЭС компаниясына күлді, шығынды азайту туралы нұсқама беріп отырдық. Қазір Алматыда 20 млн тоннадан астам күл жатыр. Бұл – соны азайту мақсатында қабылданған іс-шара», – деді қалалық Экология департаментінің басшысы Данияр Әлімсейтов.

Мамандар күлден химиялық өнім алу кезінде ресейліктердің әдісіне жүгінбек. Көрші мемлекеттің Иркутск қаласында дәл осындай кәсіпорын бар екен. Ал инертті материалдан шыққан элементтер өзге елдерге сатылады. Кәсіпкерлер сыртқа тауар экспорттау кезінде Қазақстан экономикасына да оң пайда болатынына сенімді.

«Темір концентратты Қытайға сатамыз. Микросфераны Еуропа болсын, Қытай болсын, қайда сатсақ та алып кетеді. Цементті Қазақстанда қалдырамыз. Алысқа апармаймыз», – деді Инвесторлық компанияның ресми өкілі Рахат Еламанұлы.

Тараптар келісімге келіп, меморандумға қол қойды. Кәсіпорын құрылысының басталар уақыты да алыс емес. Зауыт Алматыдағы ЖЭС-2 жанынан бой көтермек.

Ұлағат Арғын, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы