Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 6 айдың қорытындысын жариялады
Еліміздің Төтенше жағдайлар, Экология, Мәдениет және спорт министрліктері бюджеттен бөлінген қаражатты игере алмай келеді. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 6 айдың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үкімет отырысы бастала салысымен Премьер-министр Әлихан Смайылов Маңғыстау облысы әкімінен өңірді ауыз сумен қамтамасыз етуде жасалып жатқан шаруалар туралы сұрады. Себебі бұған дейін Президент дәл осы мәселені жедел шешуді тапсырған болатын. Нұрлан Ноғаевтың сөзінше, Каспий су тұщыту зауытында тәулігіне 20 мың текше метр су дайындайтын қондырғы жұмыс істеп тұр. Оның қауқарын 40 мың текше метрге арттыратын жобаның жүзеге асырылып жатқанын айтты.
– Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмысы 80 пайызға жуық аяқталды. Негізгі технологиялық жабдықтарды, құрылғыларды орнату жөніндегі тапсырыс берілді. Бүгінде олар дайындалып жатыр, – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Нұрлан Ноғаевтың баяндамасынан кейін күн тәртібіндегі мәселелер қаралды. Биыл 6 айдың ішінде республикалық бюджеттен 11 триллион теңге шығыс болған екен. 62 миллиард теңге атқарылмапты. Оның 13 миллиард теңгесі үнемделген болса, 49 миллиард теңгесі игерілмеген екен. Бұл әсіресе, Төтенше жағдайлар, Экология, Мәдениет және спорт, сонымен қатар Сыртқы iстер министрліктерінде қатты байқалады. Қаржы министрі бюджет ақшасын дұрыс жұмсамайтын өңірлерді де атады.
– Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 шілдеге 755 млрд теңге бөлінген. Оның 99% игерілген. Игерілмей қалған 8 млрд теңге Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола және Атырау облысында тиесілі, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев
Бұдан бөлек, халықты жұмыспен қамтудың өңірлік картасын жүзеге асыру мәселесі де көтерілді. Еңбек министрі Тамара Дүйсенова халықтың осал топтарына жататын 26 мың азамат жұмысқа орналасқанын айтты. Субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылған азаматтардың 36 пайызын жастар құрайды.
– Биыл жұмыспен қамту мониторингінің процесі 3 көрсеткішке негізделеді. Демек зейнетақы жарнасын уақытылы аудару, электронды еңбек шарттарымен тіркеу, азаматтардың мақсатты топқа тиесілі екендігін отбасының цифрлы картасы арқылы жүргізілуде, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
Отырыста сонымен қатар, коммуналдық қызметтің тарифі туралы да сөз қозғалды. Премьер-министр тариф мәселесінде барлық мүдде ескерілуі керегін жеткізді.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана