Доллар бағамы тағы өсті: теңге қашан тұрақталады – сарапшылар пікірі

01.03.2022 01:53

Ресейге салынған санкциялар Қазақстанның да валюта нарығын тығырыққа тіреп жаты

Almaty.tv

Қазақстан қор биржасында доллар құны тағы да өсті. Күндізгі сауда қорытындысына сәйкес, АҚШ валютасының орташа бағамы қазір 495 теңгеге теңесіп тұр. Ал өткен жұма күні ақша айырбастау орындарындағы баға 467 теңге болған еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ресейге салынған санкциялар Қазақстанның да валюта нарығын тығырыққа тіреп жатыр. Соңғы күндерде рубльдің құнсыздануы тікелей теңгенің әлсіреуіне де әсер еткенін көпшілік жақсы біледі. Көрші елдің SWIFT жүйесінен ажырауы ең алдымен Ресейдің біздің елмен қаржы аударымын жасай алмауына әкеп соғады. Ал қаржы айналымында ақау болған соң, тауар тасымалы тоқтайды. Десе де, рубльдің теңгеге ықпалын азайту үшін Ұлттық банк әлі де интервенция жасауға әзір екенін мәлімдеді.

«Ресейдің жинақталған қаражатының қоры, доллардың массасы, алтын қорының массасы Еуропа мемлекеттерінде орналасқаннан кейін соларға қол жетпей қалуының өзі экономикасы үшін үлкен зардап болып отыр. Өйткені, ішкі нарықта қазір жұмсайтын, бағдарламаларды қолдайтын, рубль тұрақтылығын қамтамасыз ететін құрылғылардан айырылып отыр. Бұл Ресей үшін әлдеқайда экономикалық соққы болып тұр», - деді экономист Мақсат Серікұлы.

Ал ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов азаматтарды асығыс әрекет етпеуге шақырды. «Бағам әлсіреуі де, күшеюі де мүмкін. Менің ойымша, айырбас бағамы жақын арада тұрақтанып, тепе-тең мәнге оралады» деген ведомство өкілі ұлттық валюта үшін бергілі бір қауіп-қатердің барын да жоққа шығармады.

«Ұлттық банк франкфурттық аукционды қолданып жатыр және бүгінгі биржаны сағат 15.00-де ғана ашты. Бұл жерде Ұлттық банк тарапынан теңгені қолдау үшін барлық шаралар жасалып жатыр. Осыған дейін айтып кеткендей, базалық мөлшерлемені 13,5 пайызға дейін көтерді. Яғни, теңгедегі депозиттерді қолдау бағдарламасы да басталды», - деді экономист Ғалымжан Айтқазин.  

Қазақстан қор биржасында 15:00-дегі жағдай бойынша доллардың орташа сараланған бағамы бірден 28,34 теңгеге көтерілген еді. Ал күндізгі доллар сауда-саттығы 30 минутқа созылып, жалпы көлемі 159 млн 500 мың долларды құрады. Айта кетейік, қазір айналымда доллардан басқа юань мен еуро және рубль бар.

Мадина Оқас, Қаламқас Нысанбай, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы» телеарнасы