Қазақстанда цифрлық теңге қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ұлттық валютаның үшінші үлгісі азаматтарға бірнеше қызмет түрін ұсынады. Бүгін Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің ХІ Конгресінде таныстырылды.
Бірнеше жаңашылдықты қатар ұсынған қаржыгерлер конгресіндегі әуелгі тақырып – ұлттық валюта банкноттарының жаңа сериясы. «Сақ стилі» элементтеріне негізделіп, көшпенділердің мәдениеті, ел тарихы бейнеленген теңгелер ескі купюраларды толығымен алмастырмақ. Ал, алдыңғы үлгідегі банкноталар айналымда 1 жыл бойы қатар жүреді. Бекітілген нұсқаның бас дизайнері Санжар Нұрқасымовтың айтуынша, жалған ақша жасауға жол бермейтін қорғаныш қабілетін енгізу үшін банкноттар кезең-кезеңімен жаңартылады.
– Жыл соңына дейін 5 мың, 10 мың, 2 және 1 мың теңге шығады. Ал 2025 жылға қарай 500 және 20 мың теңгені қолданысқа енгіземіз. Олардың барлығын «аң стиліне» негізделген бір ұғым біріктіріп отыр. Тұжырымдаманы әзірлеуге бір жыл кетті. Бірнеше нұсқа ұсынылды, - дейді Қазақстан Ұлттық банкі банкноталар мен монеталар дизайны басқармасының бас дизайнері Санжар Нұрқасымов.
Қаржы нарығын дамыту жайын күн тәртібіне қойған конгресте цифрлық теңгемен тұңғыш рет бөлшек транзакция жасалып, оған бір шыныаяқ кофе сатып алынды. Мұндай төлем жүйесінің дәстүрлі валютадан айырмашылығы – қауіпсіздігінде. Ол арқылы интернетсіз-ақ аударым жасап, теңгеңіздің кімге, қашан жіберілгенін көре аласыз. Әрі инновациялық қызметтер мемлекеттік шығындардың мақсатты және тиімді жұмсалуын да қамтымақ. Демек, ақша айналымының ашықтығы көлеңкелі экономикаға шек қояды деген сөз.
– Қазіргі қолма-қол емес ақша төлемдері екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізіледі. Бұл екінші деңгейлі банктердің жауапкершілігі саналады. Ал цифрлық теңге – Ұлттық банктің жауапкершілігі. Яғни, сізге кепілдікті Ұлттық банк береді. 2025 жылдың соңынан 2026 жылдың басынан қазақстандықтар цифрлық теңгені қолданады. Қазір әрбір кезеңде инфрақұрылым мен технологияны дайындап жатырмыз, - дейді «Цифрлық теңге» жобасының жетекшісі Айнұр Кенжаева.
Цифрлық теңгеде ақшаңыздың ұрлануы, жеке бас мәліметіңіздің жариялануы сынды заңбұзушылықтар болмайды. Аталған пилоттық жобаның сервистері мен пайдалану сценарийлері әлі де пысықталып жатыр. Жобаны жалпы 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
– Цифрлық теңгені «Еуразиялық банк», «Халық банкі», «Банк центр кредит» және Altyn bank қосымшалары арқылы қолдануға болады. Валютаңызды әлемнің кез келген нүктесінде қолма-қол ақшаға аудара аласыз. Цифрлық теңге әлеуметтік «Оңай» картасы арқылы интеграцияланады, - дейді Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Бинұр Жәленов.
Алматы әкімдігі цифрлық теңгені әлеуметтік қолдау шараларында есеп айырысуды автоматтандыру үшін қолданбақ. Бұл мақсатта «цифрлық ваучерлерді» пайдалану сервисі қазірдің өзі жұмыс істеп тұр. Бүгінгі Қазақстан қаржыгерлерінің ХІ конгресі ақша-несие саясаты мен макроэкономикалық тұрақтылық мәселесіне арналды.
Мадина Оқас, Хангелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы.
Оқи отырыңыз: Қаржы пирамидасы: Алматыда алаяқтардың сайты бұғатталды