Мемлекет басшысы қаржы ұйымдарының жұмысын ашық жүргізуді маңызды деп санайды
Елордаға көшкені сол, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Президентке есеп берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Онлайн кездесуде алтын-валюта резервінің ахуалы мен ұлттық қордың активтері төңірегінде әңгіме өрбіді. Одан бөлек еліміздің бас қаржы институтының басшысы екінші деңгейдегі банктер активтерінің сапасын бағалау бойынша өткен жылғы қаржы-несие жұмысын қорытындылады. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы бастамалары, 2020 жылдың екінші жарты жылдығына арналған жоспары және коронавирус пандемиясы кезіндегі қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қабылдаған шаралар туралы баяндалды. Президент өз сөзінде қазіргі жағдайда ақша-несие саясатын тиімді іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, 2030 жылға дейінгі ақша-несие саясатын іске асыру стратегиясын әзірлеу барысында халықаралық нарықтағы іргелі үрдістерді ескеру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, Президент айырбас бағамының тұрақтылығын қамтамасыз етуді маңызды мәселе ретінде атап өтті.
«Бұл мәселеде Үкімет пен Ұлттық банк үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін атап айтқым келеді. Квазимемлекеттік компаниялардағы басы артық валютаны ішкі нарыққа сату тәжірибесін жалғастыра беру керек. Ұлттық банк қажет болған жағдайда айырбас бағамын тұрақтандыру үшін қосымша шаралар қабылдайды», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы қаржы ұйымдарының жұмысын ашық жүргізуді маңызды деп санайды. Бұл мәселе әсіресе, жалған ломбардтар мен микроқаржылық ұйымдардың арасында алаяқтық іс-әрекеттерінің белең алуына байланысты, өзекті болып тұр.
«Ломбардтар мен басқа да қаржы ұйымдарының жұмысына тексеру жүргізіп, аталған саладағы жағдай туралы ақпарат беруді тапсырдым. Бұл жұмысты жылдамдату керек. Тексерулердің қорытындысы негізінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Бас прокуратурамен бірлесіп, аталған саланы реттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу және тұтынушылардың құқығын қорғау жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев