Қазақстан экономикасын дамытудың негізгі факторы қандай - сарапшылар пікірі

opennews.kz
opennews.kz
Президент Үкіметке экономикалық өсімді 6-7 пайызға арттыруды міндеттеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шикізатқа байланған Қазақстан экономикасы әртараптануы тиіс. Бұл ретте импортқа тәуелді нарықта отандық өнімнің көш бастағаны маңызды. Ал ол үшін өндіріске қажет шикізат өзгелерге емес, өзімізге жарауы керек. Президент Жолдауында айтылған жаңа модель – осы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ел экономикасының жағдайын жақсарту дегеніміз - бірінші кезекте ішкі өнімді арттыру, сырттан пайда әкелу, нарықты қорғау. Қазақстанда өндірілетін тауар халықты толық қамтуы керек. Сонда ғана импортқа иілмеуге болады. Ал ол үшін өнеркәсіптік негіз қалыптасуы тиіс. Шикізаттан бастап кадрға дейін, ішкі мүмкіндіктің игілігімізге жарағаны маңызды. Сол себепті өндірушілермен жасалатын келісім 10 пайызға артса, түсер пайда жылына 2 триллионға жетсін деген міндет қойылды.  

– Қаржы институттарының болжамына сай, бүкіл әлем бойынша орташа пайыздық көрсеткіш – 3, біз 2 есеге асамыз деп отырмыз. Ол – үлкен көрсеткіш. Бүкіл экономиканы басқа тәсілмен жүргізуіміз керек, – деді экономика ғылымдарының докторы, профессор Әзімхан Сатыбалдин.

Биыл жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 13 мың доллардан сәл асады. Алдағы 2 жылда 16 мыңға жуықтайды деген жоспар бар. Ол өссе, халықтың табысы мен әлеуметтік жағдайы қалыпқа келеді. Ал ішкі нарықта жағдай өндіріске тіреледі. Өңделген өнімнің құны шикізаттан 2-3 есе қымбат. Демек экспорттан табар табыс тәуір болмақ.

– Алтын, уран, түрлі-түсті металл, хром, марганец. Бұл шикізат өзгелерде жоқ. Өндірісті дамытсақ, көп қаржы түсіреміз, – деді экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрсәуле Бірімбетова

Шикізат демекші, Қазақстан өндіретін металдың көбі шетелге сатылады. Атап айтсақ, алюминийдің 87, қорғасынның 77 пайызын ел экспортқа жібереді. Мыстың өзінен 3 млрд доллардан аса ақша түсіпті.

Ал елдің негізгі табыс көзі – мұнай жылына шамамен 90 млн тонна өндірілсе, оның 20 млн-ға жетер-жетпесі елде қалады. 71 млн тонна шикізат экспортқа кетеді. Бұл да  ішкі өнімге айтарлықтай әсер етіп отыр.  

– Алдыңғы орында тұрған Атырау облысы адам басына 43 мың долларға жетті.  Ал оның қаншасы Қазақстанда қалып жатыр? «Қазақстанда 58 мың миллионер бар» деген ақпарат оқыдым. Қайда солардың ақшасы? Олар кімге сенбейді? Неге шетелге кетеді? Осы мәселені де қараған дұрыс болар деп ойлаймын, – деді экономика ғылымдарының докторы, профессор Әзімхан Сатыбалдин.

Әлем елдерінің ішкі нарықты қорғауға көшкенін есепке алсақ, жаңа модельде біздің де табысты ұлғайтып, шағын-орта бизнестің әлеуетін арттырғанымыз аса маңызды. Мемлекеттің экономикасын түзеудегі әуелгі фактор – өнім өндіру екенін ескерсек, өнеркәсіптік саясат туралы Заңның қайта қаралуы сеңнің қозғалуына сеп болмақ.  

Мадина Оқас, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет

Новости партнеров