Бойында дәруменге бай сусын көктемнің кезінде ағзаға ерекше күш береді
Түйенің сүті қымбаттап барады. Литрі 600-700 теңгеден сатылып келген шұбат соңғы екі аптаның көлемінде кейбір сауда нүктелерінде кемі 1500-2000 теңгеге жеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бір қызығы сатып алушылардың саны арта бастаған. Ойсылқара тұқымының сүтіне сұраныстың артуына не себеп? Бұған бағаны бақылауы тиіс мамандар не дейді?
Қазіргі таңда шұбаттың пайдасын әлем біледі. Әсіресе, бойында дәруменге бай сусын көктемнің кезінде ағзаға ерекше күш береді. Соңғы екі аптаның көлемінде түйе сүтінің бағасы үш есеге дейін қымбаттаған. Мәселен, мына бір кесенің өзі 750 теңге тұрады
30 жылға жуық уақыт сүт өнімдерін саудалап келе жатқан сатушының сөзінше жақында жеткізушілер ескерту жасап кетіпті. Яғни, Шымкентте шұбат өндіретін зауыт ашылып, түйе бағушылар сүтті сол жаққа өткізіп жатқан көрінеді. Тіпті, үйлерінен сатып алып жатыр деген қауесет те бар. Соның кесірінен шұбат жеткіліксіз, сұраныс көбейіп кетті дейді.
«Сүт күйінде үйінен алып кетіп жатыр. Олардан 15000 алып жатса, Алматыға жіберу тиімсіз ғой. Бұрын көп болатын. Біз шұбат жетіспеушілігі болады деп ойламадық. Шұбат бағасы тез көтерілді», – деді сатушы Майра БЕЙСЕНОВА
«Клиенттеріміз ренжіп кетіп жатыр. Шұбатты ішкіміз келеді, дастарханға қойғымыз келеді дейді. Неге сонша қымбаттаттыңдар деп ренжіп жатыр. Бізге қымбат келіп жатыр деп жауап береміз. Қалтасы қалың азаматтар солар алып жатыр. Үлкен кісілер, зейнеткерлер ала алмай жатыр», – деді сатушы Айгүл АЛТЫНБАЕВА
Түйе сүті емдік қасиеті жағынан аса жоғары бағаланады. Себебі оның құрамында май, ақуыз, минералдық заттар өте көп. Және түрлі вирусқа қарсы тұратын қасиетке ие. Осыны жақсы түсінген тұрғындар шұбат алуға шамамыз келмей қалды дейді.
БЛИЦ:
- 1500-2000 теңге деген тым қымбат. Халықтың ондай бағаны қалтасы көтермейді.
- Шұбат пен қымыздың пайдасы мол ғой. Қалта көтермейді.
- Қымбат қой. Қарапайым халыққа кішкене арзан болса жақсы ғой.
Түйе өсірумен айналысатын Қарлығаш Нұрманованың айтуынша бағаны алып сатарлар көтеруі мүмкін. Себебі олардың ортадағы шығыны сөрелерге жеткенше 2-3 есе қымбаттайды.
«Өз бағамыз өзімізде. 500-600-ден сатамыз. Себебі біздің өзіміздің шаруа қожалығымыз бар. Жазды күні 500-ден, ал қазір 600-ден сатып жатырмыз», – деді шаруа қожалығының басшысы Қарлығаш НҰРМАНОВА.
Осылайша ғасырлар бойы дертке дауа, бойға қуат болған шұбат бағасының өсіп бара жатқанына алаңдаған жұрт бұл мәселе оң шешімін табарынан үмітті. Ал бұған жауапты мамандар бағаны негізсіз көтерген сауда нүктелері жіті тексеріп шара қолданатындарын жеткізді.
Қуан Нұрақын, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы