Қазақстан экономикасының өсімі 4,5 пайыз болған
Мұнайға әлемдік бағаның төмендеуіне және сыртқы экономикалық ортаның нашарлауына қарамастан, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсімі 4,5 пайыз болған. Қос палата депутаттарының бірлескен отырысында Үкіметтің жұмысы туралы есеп берген Асқар Мамин дәл осылай деді. Оның сөзінше, бұл соңғы 6 жылдағы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Мұнай бағасының төмендеу кезеңінде және сыртқы экономикалық ортаның нашарлауына қарамастан, еліміздің экономикасы соңғы алты жылда ең серпінді 4,5% деңгейіндегі өсімі қол жеткізілді. Осы өсімнің 85%-ы шикізаттық емес салалар есебінен қамтамасыз етілді. Экономика өсімінің негізгі драйверлері – өңдеуші өнеркәсіп - 4,5%, құрылыс 12,9%, көлік 5,1% және сауда 7,6% болды», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.
Ал, Парламент Үкімет пен Есеп комитетінің 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша есебін бекітті. Осы ретте мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов бөлінетін қаржының тиімділігі, ашықтығын қамтамасыз ету қажет дейді. Ол былтыр 427 миллиард теңге қаражат тиімсіз жұмсалғанын айтып өтіп, болашақта осындай кемшіліктерді жібермеу керек дегенді алға тартады.
«Сонымен қатар, өңірлерге қаражат бөлініп жатыр. «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары арқылы тұрғын үйлер, республикалық жолдар, жергілікті жолдар жөнделуде. Осы қаражаттың игерілуі және де салынып жатқан үйлердің, жолдардың сапасына байланысты мәселелер көтеріліп отыр. Жолдар сапасыз, уақытында аяқталмай жатыр. Мысалы, Өскемен-Талдықорған жолы, Атырау-Астрахань жолы немесе Үшарал-Достық, Қарағанды-Балқаш-Алматы», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов.