Алматыда шағын және орта бизнесті дамыту үшін жеңілдетілген жаңа бағдарлама жасалмақ. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін енді бастаған кәсіпкерлердің жылына 7 пайызбен несие рәсімдеуіне мүмкіндік бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мұндай қолдау президенттің жыл сайынғы жолдауынан кейін орындалып жатыр. Ел экономикасының драйвері атанған Алматыда жыл басынан бері жүздеген кәсіпкер субсидия алып үлгерген.
Халыққа жолдауында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті мемлекеттік-қаржылай қолдау жүйесін қайта қарауды ұсынды. Жыл сайынғы жолдауында кәсіпкерлікті қолдауға 250 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Нақтылай айтсақ, бұл қаражат "Бизнестің жол картасы" бағдарламасын дамытуға жұмсалмақ. Бұл екеуара келісімнің арқасында жүзеге асады. Яғни, алдымен мемлекет кәсіпкерге аяқтан тұруға септессе, кейін бизнес иесі салық төлеп тұрады. Мәселен, Алматыда 187 мың шағын және орта бизнес нысаны бар. Жыл сайын қала қазынасы салық есебінен 67 пайызға толығып отырады.
«Алматы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша алдыңғы қатарда тұр. Әсіресе, субсидиялау, кепілдік жасау. Оған қоса, Алматыда кәсіпкерлікті нақты дамытатын 3-4 аймақтық бағдарлама бар. Және де «Алматы Финанс» атты жаңа бағдарлама жасақталып жатыр. Онда жылдық пайыз Алматы қаласы үшін 7 пайызды құрайды», - дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ басқарушы директоры Айман САРСЕНҒАЛИЕВА.
"Даму" қоры – мемлекеттік бағдарламаларды іске асыратын қозғаушы күш. Мекеме кәсіп бастағандарға да, бизнесті жүргізіп жүргендерге жан-жақты қолдау көрсетеді. Онда бас аяғы 42 бағдарлама бар. Мәселен, бизнеске жаңа келгендерге "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы аясында 2 жарым млрд теңгеге дейін субсидия беріледі. Сондай-ақ, қызмет етіп жүрген компанияларға қолдау 4 бағдарлама бойынша көрсетіледі.
«Жаңадан іске қосылған «Қарапайым заттар экономикасы» туралы айтар болсақ, қазірдің өзінде мақұлданған жобалардың саны артты. Нақтырақ айтсақ, 14 жоба. Өзгерістер де енгізіліп жатыр. Жаппай кәсіпкерлікті арттыру бойынша 150 шақты жобаны қаржыландырдық. Банктерде бос ресурстар әлі де бар. Сәйкесінше көлем жыл соңына дейін ұлғалаяды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын көп арасында танымал. Осы уақытқа дейін 100 жобаны қаржыландырып, бағдарлама аясында кепілдік берді», - дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры аймақтық филиал директоры Светлана НАЗАРЮК.
Мемлекеттік қолдауға ие болғандардың қатарында мына дамыту орталығы да бар. Мекеме 2-ден 17 жасқа дейінгі балаларға мектептен тыс білім беруге атсалысады. Жеңілдетілген субсидиялау мен несие кепілдігінің арқасында жас компания 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Мемлекет тарапынан «Бизнес жол картасы» бойынша «Еңбек» бағдарламасымен көмек алған болатынбыз. Ең көмегі тигені осы «Даму» қорынан берілген көмек», - деді компания директоры Әсима СҰЛТАНОВА.
Қазақстанда жаңадан кәсіп ашуға қолайлы жағдай жасалған. Оның айқын дәлелі - еліміз «Doing business» атты әлемдік көрсеткіштегі 25-орынға жеткені. Есте болса, осыған дейін 28-болған еді.
Жадыра Омаржан, Дина Жанабекова, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы.