Солайша Алматы билігі бағаны қолдан өсіруге жол бермеуді жоспарлап отыр
Алматыда күзде халық көп тұтынатын сиыр еті, қарақұмық, күріш пен сұйық май қымбаттады. Есесесіне, қант, қырыққабат, сәбіз бен сүзбенің арзандағаны да байқалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаны тұрақты ұстап тұру үшін кешенді шаралар қолға алынған. Мамандар кәсіпкерлер арасында бәсекелестік жағдай жасап, қала дүкендеріне делдалсыз тікелей тауар жеткізуді қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, қыркүйек айында қаладағы ірі сауда кешендерінің біріне 280 миллион теңге көлемінде толығымен өтелетін пайызсыз несие берілді. Ол қаржыға 4 негізгі тауар түрі картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат сатып алынған. Олар уақыты келгенде 18-ден 30 пайызға дейін арзан саудаланатын болады. Бастысы, көпті алаңдатқан нанның бағасы көтерілмейтін болды.
«Нанға қатысты айтар болсақ, қалада орташа баға 69 бен 80 теңге аралығында. Алматыда негізгі өндірушілер ретінде 1 ірі және 4 орташа наубайхана бар. Жуық арада нанның бағасы көтерілмейді. Наубайханаларды үздіксіз ұнмен қамтамасыз ету үшін меморандумға қол қойдық. Наубайханаларға қажетті ұн белгіленгендей келісіне 150 теңгеден сатылады. Біздегі кәсіпорындарға 3 мың тонна ұн қажет. Ұн өндірушілер мен оған қойылған межелі баға нан құнының қымбаттамауына септеседі», – деді Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш ӘБДІЖАББАРОВА.
Жалпы қаланы азық-түлік қорымен қамтамасыз етіп, оны көктемге дейін жеткізу үшін жергілікті кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы 1,5 миллиард теңге бөлді. Соған қарамастан саудагерлер күз айында, әсіресе ет бағасының шарықтағанын айтады.
«Жаздағы бағасынан қымбаттады. Бізде 1600 теңгеден болған. Қазір 1730 теңге», – деді бірі.
«Қымбаттап кетті баға. Соңғы кездері жеткізушілер бізде 1600 теңгеден болатын, 1900-ге дейін көтерілді. Қазір біз 2300 теңгеден сатып жатырмыз», – деді келесі бірі.
«Бағалардың өсуіне жол бермеуге тырысамыз. Соңғы кезде ет өнімдерінің бағалары қымбаттап жатыр. Соған қарамастан, біз осы жерге әкеліп сауда жасап тұрған кісілердің әрқайсысымен жұмыс істейміз. Қазір енді біз жаңа заң қабылданғаннан кейін15 пайыздан артық қойғызбаймыз үстіне. Әкелген көтерме бағаның үстіне тек 15 пайыз ғана қояды», – деді базар әкімшісі Майдан БЕКЕТАЕВ.
Алматыда азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін күзде 2 кеңейтілген жәрмеңке өтті. Онда баға қаладағы базарларға қарағанда 5-тен 20 пайызға дейін арзан. Бас-аяғы 200 тонна тауар сатылымға түсіпті. Мұндай шара шаруа қожалықтарына өнімдерін делдалсыз саудалаға мүмкіндік береді.
Жадыра Омаржан, Дина Жанабекова, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы