Жанар-жағармай мен газдың бағасы өсуі мүмкін бе

Almaty.tv
Almaty.tv
Мемлекет басшысы қатаң тапсырған міндеттің де мерзімі аяқталуға жақын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жанар-жағармай мен газдың бағасы өсуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұнай компанияларының мүддесін қорғайтын ұйымдар 1 айдан кейін белгіленген шекті бағалар алынып тасталуы керек дейді. Мемлекет басшысы қаңтар айында 180 күн ішінде мұнай-газ саласындағы жұмыстарды ретке келтіріп, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуді тапсырған еді. Бірақ мәселе бойынша жауапты министрліктер әлі ешқандай нақты шешімге келмегендерін айтып отыр.

Қазір халықты газ бен бензин бағасы сақтала ма деген сұрақ алаңдатып отыр. Осы мәселеге қатысты қаңтарда Мемлекет басшысы қатаң тапсырған міндеттің де мерзімі аяқталуға жақын. Алайда тікелей жауапты Энергетика министрлігі әлі нақты шешім жоқтығын айтты. Олардың ақпараты бойынша, қазір ішкі нарық толығымен қамтамасыз етілген. Ал АИ-92 маркалы бензинді халық көп тұтынатын болғандықтан, оның қазіргі бағасының мерзімі ұзартылуы мүмкін. Бірақ Үкімет басшылығы бұл нақты шешім еместігін, әлі талқыланып жатқанын айтады.

«6 ай,  уақыты өтеді. Жанар-жағармайға байланысты, оның ішінде АИ-92, АИ-93, сосын дизель бағасын әрі қарай жалғастыру мәселесі қарастырып жатырмыз», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Ұлттық экономика министрі де 6 ай ішінде шешілмеген мәселені алдағы 1 айда талқылап, шешіп тастаймыз деп отыр.

«Мәселе әлі талқыланып жатыр. Бізде әлі уақыт бар. Жанар-жағармай бойынша сұрақтар күн тәртібіне шығарылып, қаралады», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Ал мұнай-газ компанияларының мүддесін қорғайтын Одақ басшысының айтуынша, жанар-жағармай бағасын шектей беруге болмайды. Оның айтуынша, Қазақстанның мұнайды экспорттауға ары қарай шектеу қойғаны Еуразиялық экономикалық Одақтың келісімшартына қарама-қайшы. Сонымен қатар, мұнайдың нарықтағы бағасы барреліне 110 доллардан асса, елдегі мұнай өндіріп отырған компаниялар жергілікті нарыққа 20 доллармен ғана сатып жатыр екен.

«Бензин, дизельдің бағасы өсуі керек. шекаралас мемлекеттерде  бензиннің, дизельдің бағасы әлдеқайда жоғары. Осы уақытқа дейінакциздерді көтерді. Дизель отынының акцизі бірнеше есеге өсті. Ал бензиндікі 30 пайыз өсті», – деді Қазақстан мұнай сервис компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов.

Естеріңізге салайық, 1 шілдеге дейін АИ-80 маркалы бензин - 89 теңге, АИ-92 мен АИ-93 маркалы бензин - 182 теңге, ал, АИ-95 маркалы бензин - 215 теңгеге сатылуы керек деп бектілген болатын. Президент осы бағаларды өсірген кәсіпкерлік субъектілерін әкімшілік жауапкершілікке тарту керектігін де айтқан еді. Әсіресе, газ бағасы ерекше бақылауға алынды. Бәсекелестікті қорғау және даму агенттігінің ақпараты бойынша, 6 ай ішінде бизнесмендер тарапынан бағаны көтеру бойынша 1-2 жағдай ғана орын алған.

Асылбек Тойбек, Нұрлан Өтеген, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров