Алматыда 1 сәуірден бастап бүгінге дейін 121 миллиметр мөлшерінде жаңбыр жауған

Almaty.tv
Almaty.tv
Шелектеп жауған жауын салдарынан қалада 30-ға жуық аумақты су басқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 1 сәуірден бастап бүгінге дейін 121 миллиметр мөлшерінде жаңбыр жауған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл айлық нормадан әлде қайда көп, яғни жауын-шашын түсу ықтималдығы бұл кезеңде 105 миллиметрден аспауы керек. Шелектеп жауған жауын салдарынан қалада 30-ға жуық аумақты су басқан. Ал  төтенше жағдай департаменті су басу қаупін болдырмауға бар күш жұмсалып жатыр дейді. Мамандар қаладағы кейбір учаскелерде су тасымас үшін қандай шара қолданбақ?

Кеше жауған жаңбыр қала тұрғындарын біраз әуре-сарсаңға салды. Әсіресе, Алатау, Түрксіб, Наурызбай, Жетісу және Бостандық ауданында  арықтардан асқан су біраз үйлердің ауласына кірді.

Қалада бір күннің ішінде 30-ға жуық аумақты су басқан. Төтенше жағдай департаментіне тұрғындардан қоңырау таңға жуық түсіпті. Құтқарушылардың сөзінше, жаңбыр суының тасуына арықтардың қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтарға бітеліп қалғанын себеп дейді. Бүгінде су алған барлық учаскелер тазартылған. Бұл жұмыстарға 779 адам, 276 бірлік техника және 32 мотопомп жұмылдырылған.

«Жалпы 2020 жылы су тасқыны қаупі бар кезеңге 6481 адам, 1370 арнайы техника, 13 мың қап, 70 тонна интерттік материал дайындалған. Су тасқыны жағдайын Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бақылауда ұстап отыр. Керекті күштер мен құралдар дайын», – деді қалалық ТЖД басшысының орынбасары Ерлан ӘЛІБЕКОВ.

Мамандардың сөзінше, сәуірдегі жауын-шашынның айлық мөлшері 105 миллиметр болуы керек. Алайда биыл жаңбыр көлемі осы кезеңдегі қалыпты жағдайдан көбірек. Қалалық төтенше жағдай департаментіндегілер жиі су басатын учаскелерде тасқынды болдырмаудың басқаша әдісіне көшетіндігін жеткізді.

«Жаңбыр көп жауғандықтан, пайда болған 19 аумақтағы жағдай тұрақталды. Бүгін қала әкімі жиі су басатын учаскелерде тасқынды болдырмау үшін мамандар мен техникаларды алдын ала дайындауға тапсырма берді. Соған байланысты біз қазір жиі су басатын жерлерді анықтап, бұдан былай ол орындарға жаңбыр жауардың алдында арнайы техникалар жібереміз. Осылайша тасқын болдырмауды қолға алатын боламыз», – деді қалалық ТЖД басшысы Серік ӘУБӘКІРОВ.

Былтыр қала бойынша 26 жиі су алатын учаске анықталыпты. Олардың қазір тоғызында су басу қаупі жоқ. Ал қалған 17 аумақтағы қатерді жою үшін ұзындығы 376 км болатын арық желілерін салуға биыл 554 млн теңге бөлінген.

«Қазір осы арық жүйелерінің құрылысына арналған жобалық-сметалық құжат әзірленген. Сондай-ақ, арықтардың қазіргі жағдайын анықтау үшін арық жүйелерін түгендеу жұмысы жүргізіліп жатыр», – деді қалалық Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Данияр ӘБДІРЕШЕВ.

Сонымен қатар төтеншеліктер биылғы сел жүру қаупін алдын алу жұмыстарын ақпан айында бастап кеткен. Мәселен, «Көктем-2020» оқу-жаттығу жұмыстары аясында үш ауданды қамтитын Қарғалы өзені 403 текше метр қар мен қатты қалдықтардан тазартылған. Жалпы соңғы үш жылда қала бойынша 380 шақырым арық жүйелері мен 40 шақырымға жуық жаға нығайтылған. Бұл шаралар қалада сел жүру қаупін 3 есеге дейін қысқартты дейді төтеншеліктер.

Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы


Новости партнеров