Шағын, орта кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерге де уақытша несиені тоқтатуға болады
Төтенше жағдай кезінде несие төлеуден шегерім алудың тәртібін сарапшы түсіндірді. Қалалық әкімдікте өткен онлайн брифингке Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова арнайы келді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша барлық банктер мен басқа қаржы ұйымдары несие бойынша төлемдерді үш айға тоқтатқан еді. Қауымдастық төрайымы әлеуметтік осал топтарға шегерім автоматты түрде берілетінін айтты. Ал карантин кезінде уақытша жұмысынан айырылғандарға банктерде өтінім қалдыру қажет. Олар қаржылық жағдайының қиындағанын айтып, 90 күнге дейін шегерім ала алады. Шағын, орта кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерге де уақытша несиені тоқтатуға болады. Олар да тиісті құжаттар тапсырады. Өз кезегінде, несие беретін ұйымдар ақпараттың растығын тексеріп, қарызды кейін төлеуге мүмкіндік жасайды.
«Несие қарызын уақытша шегеру қолданыстағы тәжірибеде бар. Бұл отандастарымыз бен бизнес өкілдерін қиын кезеңде қолдауға бағытталған. Пандемиядан аман өтіп, аяқталған соң, яғни елде төтенше жағдай аяқталған соң оны төлеу қажет. Кәсіпорындар іске қосылып, халық жұмыстарына оралады. Осы тұста алдыңғы алған несиені келісімшартта белгіленген кесте бойынша төлеуге тура келеді», – деді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрайымы Елена БАХМУТОВА.