Елімізде зейнетақы жинақтарына есептелетін таза инвестициялық табыс тұрақты түрде өсіп келеді. Сондықтан уайымдаудың қажеті жоқ. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» басқарма төрағасы Жанат Құрманов осылай мәлімдеді, деп хабарлады Almaty.tv.
Ол көпшілікті әлемде болып жатқан жағдайдың салдарынан зейнетақы жайы алаңдатып отырғанын жасырмайды. Дегенмен заңға сәйкес мемлекет халыққа зейнетақы жинақтарының инфляциядан қорғалуына кепілдік береді. Егер салымшы зейнетке шыққан кезде, зейнетақы жинақтары азайып қалса, мемлекет оны өтеп береді.
«Алаңдауға негіз жоқ. Зейнетақы жинағы тұрақты, әрі оң инвестициялық табысқа ие. Мысалы, 2020 жылдың бірінші тоқсанында инвестициялық табыс 662 млрд. теңге болды. 2020 жылдың 1 сәуіріне зейнетақы активтері 11,7 трлн теңгені құрап, 8%-ға өсті. Жалпы 2013 жылдан бастап осы күнге дейін Ұлттық Банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс 30%-дан (немесе 3,9 трлн теңгеден) асты», – деді «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат ҚҰРМАНОВ.
Зейнетақы жинақтары түрлі валюталардағы қаржы құралдарына салынады. Қазақстанның Ұлттық Банкі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін сенімді басқарушы ретінде Қазақстанда және шетелде түрлі экономиканың секторларына, әртүрлі валютаға, түрлі қаржы құралдарына инвестиция жасайды. Бұл жинақтарының сақталуын және тұрақты табыстылығын қамтамасыз етеді деді қор басшылығы.