Орда бұзар 30 жыл: Тәуелсіздік жылдары 350 млрд доллар инвестиция тартылған

14.01.2021 03:29

Қомақты қаржы көбіне шикізат секторына құйылған

ашық дереккөзден

350 миллиард доллар. Қазақстанға тәуелсіздік алғаннан бері шетелден дәл осындай сома инвестиция тартылған. ТМД елдері арасында мұндай көрсеткішті ешбір ел жасамаған. Бұл экономист Мақсат Халықтың пікірі. Ал, саясаттанушы Дархан Малбақов азаттығын жаңа алған қазақ мемлекеті даму жолында дұрыс стратегия құра білді дейді. Қазақстан республикасы 30 жылда орда бұза алды ма? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек сарапшылармен тілдесті.

Тәуелсіздігін енді алған Қазақстанға қысқа мерзімде жан-жақты даму керек болды. Дұрыс стратегия, жаңылмайтын жоспар мен нақты шешімдер қабылдау маңызды еді. Саясаттанушы Дархан Малбақов бұл бағытта ел билігінің құрған жоспары сәтті шықты асты дейді. Қазір елімізді бүкіл әлем тәуелсіз ел ретінде мойындайды. Біздің ел әрбір халықаралық ұйымда белсенді қызмет атқарып та жатыр.  

«Дәлел ретінде 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткеніміз бір дәлел. Сосын исламдық конференция ұйымында төрағалық еттік. 2017 жылдағы ЭКСПО-ны айтсақ болады. Яғни, мемлекеттілікті тәуелсіздікті құрудағы жалпы, сыртқы саясат ішкі саясат дегенді шартты түрде бөгенімізбен сыртқы саясаттағы жетістіктер де жалпы мемлекеттілікті және тәуелсіздікті нығайтады», – деді саясаттанушы Дархан Малбақов.

Саясаттанушының сөзінше, Қазақстан әуелден-ақ өзін ашық мемлекет ретінде танытты. Яғни, халықаралық субьект болып жеке дара имиджін қалыптастырды. Мұндай шешім осы күні оң нәтижесін беріп жатқанын байқауға болады. Экономист Мақсат Халық ел билігі азаттығын алғаннан кейін ұлттық қорды құру мәселесін қолға алғанын айтады.      

«Кейін 2000 жылдары Ұлттық қорымызды құрдық және де мұнайдан түскен көптеген қаржыны сол жаққа аудардық. 2007-2009 жалдарда қаржылық дағдарыс болды. Соның бізге қатты салдары келді. Бірақ сол ұлттық қор көмекке бізге келді. 2015-2017 жылдарда да бізде жүйелік дағдарыс болды. Әлеуметтік жағдай төмендеді сол кезде де.  Ұлттық қор бізге көмекке келді», – деді UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халық.

Тәуелсіздік жылдары шетелден 350 милиард доллар инвестиция тартылыпты. Мұндай қомақты қаржы көбіне шикізат секторына құйылған. Яғни, қаржыгерлер мұнай саласына қызыққан. Ал, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын әртараптандыру керектігін айтып, қара алтынға күніміз қарап қалмау керек деді. Қаржы мәселесін бір жолға қойғаннан кейін экономиканың басқа салаларын дамыту қажет дейді Мақсат Халық.  

«Президент те өз жолдауында атап өтті. Біз мұнайдан басқа салаға өту керекпіз. Одан басқа бізде балама жол жоқ, біз енді мұнайды тоқтатып, басқа экономиканың саласын дамытуға күш салу керекпіз. Келесі инвестициялар енді елге тартылатын инвестиция осы өңдеуші өнеркәсіп саласына, экономиканы диверсификациялауға, әртараптандыруға нақты бір өнім ошақтарын ашуға бағытталу керек», – деді UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халық.

Экономист маманның сөзінше, Батыс Еуропа - Батыс Қытай халықаралық транзиттік автожолын салу идеясы да дұрыс болған. Ұлы Жібек жолын қазіргі заманға лайықты етіп жандандыру арқылы Қазақстанның экономикасы нығаяды. Тұралап тұрған туризм дамиды, логистика арқылы түсетін қаражат артады. Шағын-және орта бизнес дамудың даңғыл жолына түседі. Яғни, экономика әртараптанады деген осылай басталады, дейді Мақсат Халық. Орда бұзар 30 жылда ауыз толтырып айтар дүниені бір ғана материалға сыйдыру мүмкін емес. Біз жіпке тізген жетістіктер қазақстанның бағындырған белестерінің бір бөлігі ғана.

Өмір Әнуарбек, Ғани Қалуов, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы