Қомақты субсидия, жеңілдетілген несие: Бизнесті дамытуға арналған бағдарламалардың нәтижесі қандай

31.10.2020 03:35

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 420, «Еңбек» бойынша 110 кәсіпкер жеңілдетілген несиеге ие болған

Экономика тұралап қалмас үшін кәсіпкерлерге қолдау барынша жасалып жатыр. Бүгінде бизнесті дамытуға арналған бағдарламалар біртіндеп тиімділігін көрсете бастаған. Мәселен, қомақты көлемдегі субсидиялар, жеңілдетілген несиелер кәсіпкерлерге қаншалықты мүмкіндік береді? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек тақырыпты толығырақ тарқатады.

Рахима Нұртаева 2008 жылдан бері жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеп келеді. Мына тігін цехын келініне ашып берген. Кәсіпті бастау үшін ол алдымен «Еңбек» порталына тіркелген. Содан кейін екі апталық курс өткен соң жолдама берілген. Оны алған соң бизнес жоспар дайындалып, Алматы қаласындағы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» идеясын өткізіпті.

«Олар біздің бизнес жоспарымызды өткізіп, бастамамызды қолдап, бізге 5 жылға 10 миллион теңге субсидия бөліп отыр. 5 млн теңгесі жабдық алуға, 5 млн теңге айналымға. Кредитті алғанымызға 1 ай енді болады», – деді кәсіпкер Рахима Нұртаева.

Түрлі орамалдар мен керемет көйлектерді дайындайтын шағын ғана цех жұмысын жақында бастаған. 10 миллион теңге көлемінде субсидия алған кәсіпкер қаражатының тең жартысын құрылғы алуға жұмсаса, жартысын айналымға жіберіпті. Осы күні жұмыс беруші үш бірдей бармақтары буынсыз, бес саусағынан бал тамған мамандарды жұмыспен қамтып отыр.

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының биылғы шарты біршама жеңілдетілген. Кәсіпкерлер кез келген сала бойынша жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз болатын несие ала алады. Мұндай шапағаттың жемісін Юлдаш Итмаметов та көрген.

«Мен алдымен екінші деңгейлі банктердің шарттарымен таныстым. Ол маған тиімсіз болған соң басқа жолын қарастыру керек болды. Сөйтіп, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының бар екенін білдім. Ондағы пайыздық мөлшерлемесі төмен болды. Әріптестеріммен тез арада бизнес жоспар құрып, осы дүкенді аштық», – деді кәсіпкер Юлдаш Итмаметов.

Пандемия талай салаға салқынын тигізгені рас. Салдарынан көптеген бизнес өкілдері өзге кәсіп түріне көшуге мәжбүр болған. Ал, кәсіпті нәсіп етемін дейтіндерге несие төмен пайызбен беру арқылы көмек көрсетіліп жатыр. Қолдаудың сан түры экономиканы құлдыратпауға септігін тигізеді дейді сала мамандары.    

«Алматы қаласында мемлекеттік бағдарламалармен қатар өңірлік бағдарламалар жұмыс істейді. Яғни, бұл бағдарламалар тек Алматы қаласының кәсіпкерлеріне арналған. Ол «Алматы бизнес» бағдарламасы, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорымен бірге жүзеге асырылады. Бұл жерде масималды сома 180 миллионды құрайды. 7 пайыздық жылдық несие алуларына болады», – деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы Әсем Мақашева.

Осы күні қалада кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларға қатысушылар саны 40 пайызға өскен екен. Биыл «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 420, «Еңбек» бойынша 110 кәсіпкер жеңілдетілген несиеге ие болған.

Өмір Әнуарбек, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы