Қазақстанда «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы ірі компаниялардың бизнесін дамытуға игі ықпал етіп келеді. Тек 2021 жылдың І тоқсанында еліміз бойынша 1502 жобаға 152 млрд теңге несие берілген. 4 мыңнан астам кәсіпкер кепілдік несиеге қол жеткізді. Тек елордамыздың өзінде қордың көмегімен үш мыңнан аса жоба іске асқан. Осындай қамқорлықтың арқасында кәсібін дөңгелетіп отырған бірнеше кәсіпкермен, астаналық әріптесім кездескен болатын. Келесі Almaty.tv тілшісінің сюжетіне кезек берейік.
Бұл – табиғи тастан бұйымдар жасайтын отбасылық кәсіпорын. 20 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде Қазақстанның ірі нысандары Бәйтерек, Жауынгерлерге арналған мемориал, Hilton қонақ үйі және Нұр-Сұлтандағы ботаника бағы сияқты ауқымды жобаларды сәтті аяқтаған. Бұл компанияға «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 410 миллион теңге сомасында 7 рет қолдау көрсетілді.
«Жалпы тастың өндірілуі. Біз оны қайдан аламыз, иә? Оны жалпы Түркиядан, Испаниядан әкелеміз. Мысалы, әрбір жобаға байланысты тапсырыспен әкелеміз. Осында бәрін жасап, құрып, монтадаймыз. Тастың 900-ге жуық түрі бар. Ол өзгеріп келеді», – деді компания қызметкері Аякөз Жұмаханова.
Ал, мына наубайхана да мемлекеттік бағдарламаның көмегімен ашылған. Бүгінде 70-ке тарта нан пісіретін жұмысшысы бар. Алайда пандемия салдарынан кәсіптеріне айтарлықтай шығын келген. Наубайхана директоры «Даму» сынды қорлар көп болса дейді.
«Енді біз мынау «Даму» арқылы алып жатқан құрылғының жемісін көру керекпіз ғой. Оның бір нәтижесі болу керек қой. Соның нәтижесі соңғы 4-5 жылда есептеп көрсек, жылына сатылған өнімнің бағасы, 100 миллионға өскен екен. Ол үлкен жақсы көрсеткіш қой. Сондықтан біз ырзамыз. Егер бұдан да жақсы бір бағдарламалар болса, онда осындай нан өнімдерін шығаратын мекемелерге беру керек», – деді наубайхана директоры Әбдірахым Төлендиев.
Сонымен қатар, бетон корпусты кешенді трансформатор станцияларын шығаратын мемлекеттік бағдарлама арқылы тағы бір компания құрылған. Ол кез келген тапсырыс беруші үшін арнайы қондырғылар әзірлейді, жобалау-іздестіру, монтаждау және іске қосу-реттеу жұмыстарын орындайды. Ал, «Даму» қоры бұл компанияға бірнеше рет 6%-дық жеңіл несие берген.
«Бүгінде ең тиімді бағдарламалардың бірі «Бизнестің жол картасы 2025». Кәсіпкерлер бұл бағдарлама арқылы несиені небәрі 6 пайызбен рәсімдей алады. Бұл бағдарлама бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 3 мыңға жуық жоба іске асса, соның мыңға жуық жобасы осы жылы жүзеге асты. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кәсіпкерлерге тек қана несие рәсімдеуге көмектеспейді. Сонымен қатар, қазіргі пандемия уақытында да олармен жұмыстар жүргізіледі», – деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ Нұр-Сұлтан қаласындағы аймақтық филиалының директоры Нұрсұлтан Абдолла.
Әсіресе, жас кәсіпкерлерге мұндай мемлекеттік бағдарламалар таптырмас мүмкіндік. Тек соны тиімді қолдана білу қажет.
Қаламқас Нысанбай