Бұл туралы бүгін аталған компанияның Адами ресурстарды басқару жөніндегі басқарушы директоры Дәулетжан Хасанов мәлімдеді
Мұнай өнімдеріне сұраныстың төмендеуі «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының табысын 3 есеге азайтты. Ол туралы бүгін аталған компанияның Адами ресурстарды басқару жөніндегі басқарушы директоры Дәулетжан Хасанов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, коронавирус пандемисынан туындаған дағдарыс салдарын компания айтарлықтай сезініп жатыр. Сол себепті құлдырауға қарсы шара ретінде алып компания қызметкерлер құрамын қысқартуды жөн көріпті.
«Орталық апараттық штаттың саны 34 пайызға, яғни 729-дан 480-ге дейін қысқарды. Сонымен қатар орталық аппараттағы департаменттердің саны 3 есеге қысқарды. Басқарушы директорлар лауазымы жойылды. Осылайша, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының Орталық аппараты нарықта болып жатқан өзгерістерге тез және тиімді жауап бере алатындай жинақы болып қайта құрылады», – деді «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ адами ресурстарды басқару жөніндегі басқарушы директоры Дәулетжан ХАСАНОВ.
Ал еліміздің Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мамыр-маусым айларында әлем елдері мұнай өндірісін 23 пайызға төмендететінін айтты. Әлемдік мұнай нарығындағы тұрақтылықты және мұнай бағасын қалпына келтіру үшін ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдер осындай келісімге келген.
«2020 жылдың мамыр-маусым айларында елдер жалпы өндіруді тәулігіне 9,7 млн баррельге қысқартады. Содан кейін 2020 жылдың шілде-желтоқсанында бұл шектеу 7,7 млн баррельге дейін жеңілдетіледі. Ал 2021 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың сәуіріне дейін шектеу деңгейі 5,8 млн баррельді құрайды. Бұл келісімдегі Қазақстан міндеттемелерінің көлемі тәулігіне 390 мың баррельді құрайды. Республика Үкіметі өндіруді қысқарту жөнінде тиісті шешім қабылдады», – деді ҚР Энергетика министрінің орынбасары Әсет МАҒАУОВ.