Алматылық сарапшылар жақын арада теңге құлдырауы мүмкін деген пікір айтуда

11.03.2020 04:38

Экономистер мұндай дағдарыстарды болдырмау үшін өндірістік ұйымдарды көбейту керек екендігін айтуда

Аlmaty.tv

Сондай-ақ сарапшылардың сөзінше, мұнай бағасының төмендеуі нарықтағы бағаларға әсерін тигізбей қоймайды. Алайда мамандар мұндай экономикалық тосын жағдайлардың болуы қалыпты деген баға берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Бұған дейін ОПЕК-ке мүше және оған кірмейтін елдер арасында белгіленген бағада мұнайды сату туралы өзара келісімдер болған. Алайда байқағанымыздай, бұл келісім жүзеге аспай, мұнай бағасының құнсыздануына әкеліп соғуда. Бұл әсіресе экономикасының басым күші мұнай өндірісі арқылы құралып отырған біз сияқты елдер үшін тиімді болмай отыр. Мұнайдың арзандауы теңгенің құлдырауына әкеп соғып жатыр. Осыған орай, бүгін үкімет базалық пайыздық мөлшерлемені 12 пайызға дейін көтерді. Сарапшылардың сөзінше, бұл төл теңгенің құнын түсірмеу үшін жасалған қадамдардың бірі. Теңгеге демеу болғанымен бұл пайыздық мөлшерлеменің тиімсіз тұстары да жоқ емес.

«Базалық пайыздық мөлшерлені көбейткен кезде бүкіл пайыздарға әсерін тигізеді. Яғни бірінші деңгейлі банктің екінші деңгейлі банктерге беретін ақшасының пайызы көтеріледі. Тиісінше екінші деңгейлі банктер қымбат ақша алғаннан кейін халыққа беретін несиелік пайызын көтереді. Мүмкін бөліп төлеу тетіктерін тоқтауы мүмкін. Бәрін кредитке қарай ауыстыруы мүмкін. Бұл халық үшін тиімсіз әрине», - деді GSB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат ХАЛЫҚ.

Сарапшының сөзінше, алдағы уақытта жағдай тұрақталатын болса онда девальвация болмайды. Ал егер жағдай ушығып, мұнай бағасы 20-25 долларға дейін құлайтын болса онда теңгенің құнсыздануы әбден мүмкін дейді мамандар. Әйтсе де мұндай процесстердің нарық заманында қайталанып отыруы заңды дейді қаржыгерлер.

«Қысқа уақыттағы көрсеткіш. Қазір 30 доллар болса, алдағы уақытта шамамен осы 50 доллардың арасында қайтадан жоғары қарай көтерілуі басталады. Бұл ешқандай мемлекет үшін былайша айтқанда тиімді емес. Әсіресе бұл Ресей үшін және негізгі пайдасы, негізгі түсімі келіп отырған Сауд Арабия мемлекеті үшін де тиімді емес», - деді қаржыгер, сарапшы Әділет БАҒДАТ.

Үкімет биылға жоспарланған мұнай өндіру көлемі сол қалпы қалатынын да баса айтты. Экономистер мұндай дағдарыстарды болдырмау үшін өндірістік ұйымдарды көбейту керек екендігін айтуда. Сонымен қатар нарықтағы сұраныс деңгейін көтеруге көп күш жұмсалса мұнайдан келетін табысқа тәуелді болмаймыз дейді мамандар.

«Осыған байланысты жан-жақты саясат болуы керек. Қаржы саясаыт, Ұлттық банк, Үкімет болсын. Акиматтар болсын. Халықтың өзі де осындай кезде кішкене сабыр сақтау керек. Мына жақта 30 пайыз өсірсе олар 60-70 пайыз қосуы мүмкін. Соған байланысты бағамен күресетін орындар, монополияға қарсы, бағаны бақылайтынт органдар осыған қатты мән беруі керек», - деді экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман АЛШАНОВ.

Сондай-ақ сарапшылар арасында инфляция деңгейі көтеріліп, әр салада баға өседі деген пікірлер айтылуда. Бірақ үкімет елдегі экономикалық жағдайды барынша бақылауда ұстау үшін бірқатар шараларды қолға алған. Әсіресе зейнетақылар мен жәрдемақыларды уақтылы төлеуге, жұмыс орындарын сақтауды қамтамасыз етуге күш салатындығы айтылған болатын.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы.