Алматы – әлемде үздік 14 туристік бағыттың тізіміне енді

15.01.2026 20:38

Былтыр қалаға 1 миллион 800 мыңнан аса турист келген

Алматы қаласы – әлем бойынша үздік деп танылған 14 туристік бағыттың тізіміне енді. Аталған рейтингте мегаполис Лондон, Барселона, Палм-Спрингс қалалары мен Сардиния аралдарынан кем түспейтін көрінеді. Бұл жөнінде халықаралық Vogue журналы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Басылымның хабарлауынша, сұлулығы мен архитектурасы керемет үйлесім тапқан шаһардың белді дәрежеге ие болуы – шетелдік туристер тарапынан қызығушылықтың артқанын айқындайды.

Халықаралық Vogue журналы Алматыны үздік туристік бағыттардың қатарына енгізуі бекер емес. Өйткені, басылым редакциясы қалаға өздері келіп, аралап, баға берген. Нәтижесінде, көркем табиғаты мен ерекше архитектурасына тәнті болыпты. Сондай-ақ олар мегаполисті ескі мен заманауи үрдіс тоғысқан шаһар ретінде сипаттап, гастрономиялық мәдениеттің дамығанын және ұлттық құндылықтарға да аса мән берілетінін атап көрсеткен. Алматыны саяхатшылар ең көп таңдайтын туристік орталықтардың тізіміне кіргізген. Бұл дегеніміз – шаһарға әлемдік деңгейде қызығушылықтың жыл санап артып келе жатқанын дәлелдейді.

Алматы қаласы былтыр 9 халықаралық туристік көрмеге қатысып, 270 келісімге қол жеткізген. Сондай-ақ Дубай, Шанхай, Гонконг, Бейжің, Римини, Сингапур, Лондон және Дохада «Алматы туризм күндері» өткізілген.

Ал «ALA CRAFT 2025» халықаралық қолөнер фестивалі 15 елден келген 100-ге жуық шебердің басын біріктіріп, этномәдени туризм орталығы ретінде өзінің позициясын нығайтты. Бұл өз кезегінде тек Алматының емес, бүкіл еліміздің абыройын әлемдік аренада арттыра түсті.

Алдағы уақытта Алматы тек жергілікті тұрғындардың емес, туристердің де түнін ұрлап, тамсана, таңдана қарайтын шаһарға айналмақ.

Бұл ретте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполис Париж, Нью-Йорк, Мәскеу секілді күндіз-түні қонағы үзілмейтін, көз ілмейтін қала болуы тиіс деп тапсырма берген. Мамандар «бастама мегаполиске ағылатын шетелдік саяхатшылар санын арттырып, туризм саласына түсетін табысты көбейтеді» дейді.

Алайда қазір де көрсеткіш жаман емес. Былтыр Алматыға 1 миллион 800 мыңнан аса турист келіпті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 8,1 пайызға көп. Олардың 563 мыңы – шетелдік саяхатшылар болса, 1 миллион 300 мыңнан астамы ел ішін аралаған отандастарымыз. Осының арқасында соңғы 11 айда саланың негізгі капиталына 171 миллиард теңгеден аса инвестиция тартылған. Ал алдағы уақытта Алматыны халықаралық деңгейде танымал ету үшін бірқатар серіктестік жобалар қарастырылыпты.

 «Халықаралық МІСЕ-көрмелерге қатысу, жаһандық платформаларда онлайн-ілгерілетуді дамыту, авиакомпаниялармен және әуежай инфрақұрылымымен бірлескен маркетингтік науқандар жүргізу жоспарлануда. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде жарияланымдар, борттық журналдарда мақалалар, LED-экрандарда көрсетілетін бейнематериалдар қарастырылған. Бұл қаланың әлеуетін іс жүзінде танытып, серіктестердің сенімін арттырады», – деді Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Ещанова.

 Сондай-ақ Алматы – әлемге аспанмен тілдескен тауларымен белгілі. Бұл ретте тау кластерін де дамыту қолға алынбақ. Алдағы уақытта осындай аймақтардың адам қабылдау мүмкіндігін 5 есеге арттырып, тәулігіне 30 мың келушіге дейін қабылдау жоспарланып отыр.

Бұл қала бюджетін толықтырып, ел экономикасын нығайтуға септеседі. Өйткені, тау шаңғысымен айналысатын әрбір саяхатшының орташа тәуліктік шығыны 350 долларды құрайды. Ал қаладағы тау кластері жыл бойы жұмыс істейді. Қыста шаңғы тебілсе, жазда велосипед пен хайкинг спортымен айналысуға болады.

Ал күз бен көктемде экологиялық соқпақтар – серуендеуге арналған таптырмас орындар.

Айта кетейін, 2018 жылдан бері Іле Алатау ұлттық паркіне келушілер қатары 4,5 есеге, ал Шымбұлақ таулы курортында демалғандар саны 2,5 есеге өскен. Енді алдағы уақытта қаланың саяхатшылар үшін тартымды аймақтарын жобалау жұмыстары экологиялық талаптарды сақтай отырып, қоғамдық талқылау арқылы жүзеге аспақ. Осылайша, туризм түрленіп, ару қала Алматы одан сайын көркейе түспек.

Оқи отырыңыз: Қазақ спортының дамуына Алматының қосқан үлесі көп - сарапшы