Алматы – Орталық Азиядағы ең тартымды туристік бағыттардың бірі

30.04.2026 20:54

Алматы қаласы – Орталық Азиядағы ең тартымды туристік бағыттардың бірі ретінде мәртебесін нығайтты. Өйткені, саяхатшылар ағыны тұрақты өсім көрсетіп отыр. Былтырдың өзінде мегаполиске 2,5 миллионға жуық турист келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға көп, п хабарлайды Almaty.tv

Алатаудың баурайындағы ару Алматы – тұмса табиғатымен, аспанмен таласқан тауларымен сұлу, зәулім ғимараттарымен ерекше. Сонысымен-ақ саяхатшылардың назарын аударса керек, былтыр шаһарға келген туристер саны 2,5 миллионға жеткен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6,3 пайыз көп. Оның ішінде 750 мыңнан астамы – шетелдік қонақтар. Олардың да ағыны 1 жылда 9,9 пайыз өскен. Ал ішкі туристер саны – 1,7 миллионға жетіпті. Осылайша, саяхатшылар қатарының көбеюі Алматыға деген қызығушылықтың артқанын көрсетіп отыр. Ал бұл қала қазынасының толығуына айтарлықтай ықпал еткен.

Неге десеңіз, былтыр шетелдік туристердің шығыны 40 пайыз өскен. Бұл өз кезегінде туристік қызметтер көлемін 15 пайызға арттырып, 111 миллиард теңгеге жуық түсім түскен. Сондай-ақ салаға тартылған инвестиция көлемі де 39 пайыз көбейіп, 198 миллиард теңгені құраған. Шетелдің қалталы азаматтарынан келген бұл қаражат – жолаушылар тасымалы, қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтану орындары, ойын-сауық пен өнер нысандары және жалға беру мен ілеспе қызметтер секілді бағыттарға бөлінген. Салық түсімдері де артып, 84 миллиард теңгеге жетіпті.

Шаһарға келетін шетелдік қонақтар саны 700 мыңның төңірегінде десек, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 миллионға жетеді деп күтіліп отыр. Ал ай сайын орта есеппен қалаға 200 мыңға жуық турист келеді. Бұл ретте, әрине, инфрақұрылым саяхаттаушыларды қабылдауға дайын болуы қажет. Қазірдің өзінде қалада 12 мың 500 бөлмесі бар 400 қонақүй жұмыс істеп тұр. Алдағы 2 жылда тағы 8 мың бөлмелі 70-ке жуық қонақүй салынбақ. Аталған бастаманың жүзеге асуына шетелдік инвесторлар да қызығушылық танытып, қолдау көрсетуде. Мәселен, жеке инвестиция есебінен былтыр қосымша 48 туристік нысан пайдалануға берілген. Сондай-ақ болашақта қалада әлемге танымал халықаралық брендтер басқаратын қонақүйлер де бой көтермек. Қызмет көрсету саласы да халықаралық стандарттарға бейімделіп, сұраныс географиясының көкжиегі кеңейіп келеді.

«Алматыда туристік әлеует артып келеді. Өйткені, әлемдік нарықта сұраныс көбейіп, географиялық ауқым кеңейіп жатыр. Мәселен, бұған дейін Қытай және Еуропамен жұмыс істесек, қазір Оңтүстік-Шығыс Азияға бет бұрып отырмыз. Атап айтқанда, Индонезия, Сингапур, Малайзия және Тайланд елдерімен туристік байланыс нығая түспек», – деді  Алматы қаласы Туризм басқармасының бөлім басшысы Еркебұлан Әбиханов.

Айта кетейік, Алматы - CNN Travel нұсқасы бойынша 2025 жылғы әлемдегі ең үздік туристік бағыттар тізіміне енді. Ал Bloomberg нұсқасы бойынша биыл баруға ұсынылған үздік 25 бағыттың қатарына кірді. Сондай-ақ, мегаполис – Қазақстанда туристер ең көп баратын ТОП-5 курорттық аймақтың көшін бастап тұр. Өйткені, былтыр еліміздің әсем жерлерінде 4,8 миллион адам демалса, соның 2,9 миллионы тек Алматы тау кластерін аралаған. Одан кейінгі орындарда – Щучинск-Бурабай, Маңғыстау, Балқаш пен Алакөл тұр. Сарапшылардың пайымынша, мегаполиске келген әрбір шетелдік қонақ орта есеппен 800-ден 1200 долларға дейін қаражат жұмсайды.

Ал алдағы уақытта туристер ағыны тағы көбейсе, Алматы экономикасына жыл сайын жүздеген миллиард доллар көлемінде пайда түседі деген сөз. Ал ол қаражат құрылыстың дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, салық түсімдерінің артуына ықпал етеді. Сондықтан шаһарды тартымды ете түсу үшін жүйелі жұмыстар жалғаса бермек.

Оқи отырыңыз: Әсерге толы қала: Алматы төрткүл дүние туристерін несімен қызықтырады