Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлер көлеңкелі бизнестен шығып, қарқын ала бастады
Қазақстанның шағын және орта бизнесі тауар шығарудан рекордтық нәтижелер көрсетуде. Өткен жылы жеке кәсіпкерлер өндірісі мен қызметінің жалпы құны 12 жарым млрд теңгеге жеткен. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі есеге артық. Алайда кәсіпкерлер санында айтарлықтар өзгеріс жоқ. Бұл - сала жұмысының жолға қойылып, бизнестің қарқын алғанын және көлеңкелі экономикадан шығып жатқанының дәлелі. Жеке кәсіпкердің тоқтап қалмай, одан әрі өсуіне қандай жағдай жасалып жатыр? Бұл туралы Аlmaty.TV тілшісі Асыл Махметов айтып бермек.
Соңғы жылдары тауар өндіру мен қызмет көрсету бірден 84 пайызға өскен. Бұл статистикада көш бастап тұрған - Алматы қаласы. Қазақстандағы жеке кәсіпкерлік өнімнің 22 пайызы немесе 2,5 млрд теңгеден астам тауар айналымы оңтүстік астанаға тиесілі. Одан кейінгі орында елорда тұр. Қарағанды да қалар емес. Мұнда тауар өндіру үш есеге артыпты. Үздіктердің төрттігін Алматы облысы түйіндеп тұр.
Ал осы шағын бизнестің отымен кіріп, күлімен шығып жүргендердің санында айтарлықтар өсім байқалмайды. Бар болғаны 5,5 пайызға артқан. Мамандар мұндай көрсеткіштер бизнестің көлеңкелі экономикадан шығып келе жатқанын байқатады дейді.
Ұлттық статистика Бюросының мәліметі бойынша, саладағы бақылаусыз қалған экономика жалпы ішкі өнімнің 16 пайызына дейін азайған. Әрине, мұның бәрі - мемлекеттік қолдаудың арқасында жасалып жатқан жұмыстар. Жеке кәсіпкерлерге жылдық өсімі 6 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі және «Даму» қоры кепіл болады. Әйелдер мен жастардың кәсіп ашуы үшін гранттар да қарастырылған.
«Бүгінгі таңда қор үш негізгі бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Бірінші кезекте, бұл - жеңілдетілген несие. Екінші инструмент - кепіл болу. Кәсіпкерлердің кепілге жағдайлары жетпей жатқанда көмекке келеміз. Үшіншісі - пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау. Мысалы, осы жылдың маусымында «Өрлеу» бағдарламасын іске қостық. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялаудың бір түрі. Талаптары өте оңай. Жылдық мөлшерлемесі 12,6 пайыз және 10 жылға дейін беріледі. Тоғыз айдың қортындысы бойынша 68 млрд теңгенің 140 жобасына қолдау көрсеттік», - деді «Даму» қоры филиалының директоры Жандос Нұрғазинов.
Саланың негізгі қозғаушы күші - сауда. Барлық табыстың жартысына жуығы шамамен 5 жарым млрд теңгеден астам. Бұл бағыттағы өсім сұранысқа тікелей байланысты және онлайн жұмысты көбейтуде. Одан кейін - көлік-логистика саласы. Жылжымайтын мүлік те қарқынды дамып келеді. Қонақүй, ресторан мен кафелер, тағысын тағы. Дәл осы өсім қарқыны сақталатын болса, келер жылға дейін жеке кәсіпкерлік жалпы ішкі өнімді өсіру драйверлерінің біріне айналары анық.
Бұл салаға төнген қауіп те жоқ емес. Инфляция мен қорлардың қымбаттауы дамуды әжептеуір тежеуі мүмкін. Дегенмен қазіргі көрсеткіштер елімізде жеке кәсіпкерліктің кез келген жағдайға бейімделіп, ашық әрі жаңа технологияны пайдала отырып дами алатынын көрсетті.
Асыл Махметов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда тарихи нысандарды жаңғырту тәртібі талқыланды