Елімізде ғылым саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Десе де, зерттеу мен инновацияға негізделген экономиканың қарқыны әлі бәсең, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстанда ғылымға жұмсалатын шығын жалпы ішкі өнімнің небәрі 0,16 пайызына жетеді. Бұл – халықаралық стандартпен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Алайда соңғы жылдары салада оң өзгерістің бары да байқалады. Мәселен 2023-2024 жылдары ғылыми жобаларға бөлінген қаражат мөлшері рекордтық деңгейге жеткен.
Елімізде ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайған. Статистикаға сүйенсек, былтыр Қазақстанда ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық бағыттағы жұмыстарға мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындар 219,7 миллиард теңге инвестиция құйған. Бұл 2019 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Соңғы бес жылда ғылыми жұмыстардың шығыны 2,7 есеге артқан. Алайда саладағы зерттеулердің экономикалық тиімділігі, маман тапшылығы сынды мәселелер әлі де өзекті.
Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлінген қаржының 43,1 пайызы Алматы қаласына тиесілі. Былтыр мегаполистегі ғылыми ұйымдар мен кәсіпорындар 94 миллиардтан аса қаржыны игерген. Ал Астанадағы көрсеткіш 44,8 миллиард теңгенің төңірегінде. Қалған өңірлер айтарлықтай артта қалып отыр. Мәселен Ұлытау облысында аталған салаға бөлінген қаражат небәрі 34 миллион теңгеге жуықтайды.
Алматы ғылыми мекемелердің ең көп шоғырланған орталығы саналады. Былтыр еліміздегі ғылыми ұйымдар саны 423-ке жеткен болса, оның 142-сі оңтүстік астанада орналасқан. Яғни, әрбір үшінші ғылыми орталық дәл осы шаһардан орын тепкен. Мұнда Ұлттық ғылым академиясы, Сейсмология институты, Фесенков атындағы астрофизика институты сынды жетекші ұйымдар бар. Сондай-ақ ғалымдардың басым бөлігі де осы мегаполисте қызмет етіп жүр. Былтырғы статистикаға сүйенсек, республика бойынша 27 мыңнан аса маман ғылыммен айналысады. Оның 10 мыңнан астамы Алматы қаласында тұрады. Қаладағы зерттеушілер саны соңғы бес жылда 20 пайызға артқан. Сала мамандарының айтуынша, бұл – ғылым іздеген жастардың Алматы қаласынан қолдау тауып жатқанын айқын көрсеткіші.
«Алматы қаласында ғылыми кадрларды даярлау, докторанттар бойынша 48 пайыз, яғни Қазақстандағы докторанттардың негізгі үлесін құрап отыр. Екінші орында Астана қаласы тұр. Ал сол 48 пайыздың тек 11 пайызы уақытылы қорғайды. Сондықтан мамандарды даярлаған жақсы, бірақ оның сапасына, уақытылы қорғауына көңіл бөлуіміз қажет», – деді ҚР Президентінің жанындағы ҰҒА пәнаралық ғылым орталығының директоры Қуантар Әлиханов.
Мамандардың айтуынша, ғылымның дамуына кедергі болатын басты мәселе – қаржы тұрақсыздығы мен кадр тапшылығы. Сондай-ақ зерттеу жұмыстары нәтижелерінің өндірісте қолданылмауы мен нарыққа бейімделмеуі де инвесторларды тежеуі мүмкін. Ал жалақы мәселесі – өз алдына бөлек проблема. Былтыр ел бойынша ғылым саласында қызмет ететін мамандардың еңбекақысына 115,2 миллиард теңге қаражат жұмсалған. Бұл сома ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға кеткен шығынның жартысынан көбі. Бірақ жалақының өсуі ғылыми кадрлардың елде қалуына жеткілікті мотивация бола алмай тұрған сыңайлы.
Кейінгі жылдары салаға ерекше ден қойылғанымен, нәтижесі әлі де көңіл көншітпей отыр. Оған нақты қолдау мен жүйелі саясат, жеке сектордың белсенділігі ауадай қажет. Ал келешегінен үміт күттіретін ғылыми зерттеулер мен ғалымдарға қаржы бөлу арқылы - елдің экономикасын нығайтуға, интеллектуалды әлеуетті арттыруға мүмкіндік ашылатынын ескерген жөн.
Оқи отырыңыз. Алматыда заманауи үлгіде дайындалған үздік қазақ тағамдары таңдалды