Алматыда кәсіпкер әйелдерге арналған қолдау тетіктері талқыланды
Қазақстандағы шағын және орта бизнестің тең жартысын әйелдер басқарады. Алайда кәсіпті дамытуға келгенде кедергілер аз емес. Әсіресе, қаржыға қол жеткізу, іскерлік байланыс орнату және уақыт тапшылығы кәсіпкер әйелдерге қиындық туғызады. Бұл мәселелер Халықаралық әйелдер кәсіпкерлігі күніне орай өткен дөңгелек үстелде талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бизнес бастау бір бөлек, ал оны дамыту мүлде басқа мәселе. Кәсіпкер әйелдер үшін негізгі қиындықтардың бірі – қаржы тапшылығы. Несие мөлшерлемесінің жоғары болуы мен кепіл мүлкіне қойылатын талаптар бизнесті кеңейтуге кедергі келтіреді. Бұдан бөлек, жаңа серіктестер табу, іскерлік ортаға араласу және отбасылық міндеттер мен жұмысты қатар алып жүру де оңай емес. SHE Community қауымдастығы жүргізген Women Business Barometer Kazakhstan 2026 зерттеуінде осы үш мәселе негізгі кедергі ретінде аталған.
«Қазақстандағы шағын және орта бизнестің 50 пайызын әйелдер басқарады. Соңғы он жылда әйелдер кәсіпкерлігі айтарлықтай дамығанымен, әлі де шешілмеген мәселелер бар. Зерттеу барысында үш негізгі кедергі анықталды. Біріншісі – қаржыландыру. Екіншісі – іскерлік байланыстар мен жаңа мүмкіндіктердің аздығы. Үшіншісі – уақыт тапшылығы. Үй шаруасының басым бөлігі әйелдердің мойнында болғандықтан, бизнеске уақыт жетпейді», – деді SHE Community қауымдастығының негізін қалаушы Инна Апенко.
Жиынға қауымдастық өкілдерімен қатар, кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының мамандары да қатысты. Олардың айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау үшін мемлекет тарапынан бірнеше жеңілдетілген қаржыландыру тетігі қарастырылған. Бизнес өкілдері өңірлік және мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие рәсімдей алады. Мәселен, Даму қорының қолдауымен несие мөлшерлемесін төмендетуге, ал кепіл мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда кепілдік алуға болады. Бұдан бөлек, қалада «Алматы бизнес – 2030» бағдарламасы аясында да жеңілдетілген несие ұсынылады.
«Мемлекеттік несие алу барысында «Даму» қорының негізінде несиені 12,6 пайызбен жеңілдетіп алуға болады. Әрине, бұл жерде қордың кепілдігі де бар. Егер кепіл мүлкіңіз болмаса, өңірлік бағдарламалар негізінде «Өрлеу» және «Жаңа бизнес» бағдарламаларын пайдалануға болады. Бұл ретте несиені 12,6 пайызбен «Даму» қоры және екінші деңгейлі банктер арқылы алу мүмкіндігі бар», – деді Кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция басқармасының бөлім басшысы Мадина Әліпбай.
Осылайша, дөңгелек үстелде сарапшылар әйелдер кәсіпкерлігіндегі өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылап, қолдау тетіктерімен бөлісті. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер кәсіпкерлердің қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтіп, бизнестің тұрақты дамуына ықпал етеді деп есептейді.
Диана Тұрлыбек, Медет Саматұлы, Almaty TV, Алматы