Креативті индустрия саласында 21,5 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматыда креативті индустрия саласында 21,5 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Саланың жалпы қосылған құны 672 млрд теңгеге жетіп, бюджетке 49,4 млрд теңге салық түсті. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 4,5 есе артып, 65 млрд теңге болды. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Креативті индустрия музыка, кино, дизайн, сән, сәулет, медиа, цифрлық контент және іс-шаралар салаларын қамтиды. Басқарма мәліметінше, саланың экономикалық көрсеткіштерімен қатар, қаладағы мәдени кеңістіктер мен ірі шығармашылық жобалардың саны да артып келеді.
2025 жылы қыркүйекте Алматыда аумағы 10 мың шаршы метрден асатын Almaty Museum of Arts ашылды. Сондай-ақ «Целинный» заманауи мәдениет орталығы жұмысын бастады. Шаһарда халықаралық деңгейдегі концерттер мен фестивальдер де өткізіліп келеді.
Креативті индустрия саласындағы алдағы маңызды шаралардың бірі – 11 қарашада Almaty Arena-да өтетін THE ICONIC CREATOR AWARDS 2026. Биыл премия алғаш рет Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның креативті индустрия өкілдерін бір алаңда тоғыстырады.
Алматыда авторлар, артистер, режиссерлер, дизайнерлер, кәсіпкерлер, продюсерлер, сәулетшілер, медиа және digital-индустрия өкілдері бас қосады. Сыйлық музыка, кино және бейнелеу өнерінен бастап сәулет, ойын индустриясы мен креативті технологияға дейін 15 бағытты қамтиды. Барлығы 100 негізгі және тоғыз арнайы марапат табысталады.
Креативті индустрия саласындағы ірі халықаралық іс-шараларды өткізу Алматыдағы оқиғалы туризмді дамытудың маңызды бағыттарының бірі ретінде де қарастырылып отыр. Мұндай іс-шаралар қалаға шетелден қатысушылар мен қонақтарды тартып, Орталық Азияның креативті индустрия өкілдері арасында жаңа серіктестік орнатуға жол ашады.
Оқи отырыңыз: Алматыда коммуналдық қызметтердің қысқа дайындығы талқыланды