Алматыда New SilkWay бизнес-форумы басталды

30.09.2025 14:03

Форум барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы сөз сөйлеп, Достық – Мойынты теміржолының екінші желісін іске қосты

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда Қазақстанның Көлік апталығы шеңберінде New SilkWay бизнес-форумы өз жұмысын бастады. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысуда, деп хабарлайды Almaty.tv.

Форумда халықаралық көлік дәліздерін дамыту, транзиттік әлеуетті арттыру, логистикалық инфрақұрылымды цифрландыру және жаңғырту мәселесі талқылануда.

Форум барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы сөз сөйлеп, Достық – Мойынты теміржолының екінші желісін іске қосты.

«Жаңа Достық – Мойынты желісі еліміздің көлік жүйесі үшін стратегиялық маңызға ие әрі халықаралық байланысты дамытуға қуатты серпін береді. Ұлы Жібек жолы тарихи тұрғыда еліміздің аумағынан өткен. Бүгінде біз «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырып келеміз. Көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Соңғы он жылда саланы дамытуға шамамен 35 млрд АҚШ доллары инвестицияланды. Мен өз Жолдауымда бірқатар жобаларды уақытылы жүзеге асыруды тапсырдым. Алдағы уақытта 5 мың шақырым жаңа теміржол салынып, 11 мың шақырым желіге жөндеу жүргізіледі», – деді Президент.

Форумға қатысушыларға Алматы әкімі Дархан Сатыбалды да құттықтау сөзін арнады. Ол мегаполистің халықаралық көлік үдерістеріндегі маңызын атап өтті.

«Форумның Алматыда өтуі – тегін емес. Өйткені қаламыз ежелгі Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, ал бүгінде Еуразиялық интеграцияның маңызды торабы болып отыр. Жақында 2050 жылға дейінгі әуежайдың кешенді даму жоспары бекітілді. Оның мақсаты – Алматыны өңірдегі жетекші авиациялық хабқа айналдыру, жылдық өткізу қабілетін 40 млн жолаушыға дейін жеткізу», – деді қала әкімі.

Форум аясында «Үлкен Еуразия: жаһандық өзгерістер жағдайындағы сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» тақырыбындағы стратегиялық сессия және ҚР Премьер-Министрі орынбасарының қатысуымен дөңгелек үстел өтеді.

Дискуссияларға Орталық Азия, ЕАЭО, Түркия, Әзербайжан, Грузия, Қытай және басқа да елдердің көлік министрлері, халықаралық ұйымдар мен жетекші логистикалық операторлардың өкілдері қатысады.

Көлік апталығы шеңберінде сондай-ақ TransLogistica Kazakhstan халықаралық көрмесі 28-ші рет өтеді.

Оқи отырыңыз: «Алғашқы кітап»: Абайдың мұрасын арқау еткен деректі фильм түсірілуде