Алматыда 10 жаңа туристік маршрут әзірленеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кейінгі үш жылда Алматыға келген туристер саны 35 пайызға дейін артты. Шетелдік саяхатшылардың үлес салмағы 90 пайызға жетті. Осының нәтижесінде салық түсімдері де екі есе өсіп отыр, деп хабарлайды  Almaty.tv.

Биыл Алматыға саяхатшыларды тарту үшін 10 жаңа туристік маршрут әзірленеді. «Алма-Арасан» термалды көзі жөнделеді. Үш жаңа кемпинг аймағы ашылады. Тактильді модельдер жасалады. Алып шаһар әлемдік аренадағы туристік әлеуетін арттыру үшін 9 халықаралық және 1 жергілікті көрмеге қатысады. Алматыны TripAdvisor, Expedia сияқты платформаларда ілгерілету жоспарда тұр. 11 шетелдік қалада Алматы Туризм күніне арналған іс-шаралар өтпек.

Шаһарда саяхатшылар ат басын бұратын жерлер аз емес. Солардың ішінде ерекше атап өтерлігі – «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты мен «Медеу» мұз айдыны.

Естеріңізге салайық, өткен аптада елге арнайы іс-сапармен келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда кездесіп, тау шаңғысы кластерімен танысты. Екі мемлекеттің басшыларына қала әкімі Ерболат Досаев Іле Алатауының асқаралы шыңдарын көрсетіп, Кіші Алматы шатқалындағы «Медеу» селден қорғау бөгетін салу тарихы мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты туралы баяндады.Себебі бұл –Орталық Азиядағы қысқы және жазғы демалысқа лайық ең тартымды орындардың бірі. Бүгінде мұнда 5 аспалы жол жұмыс істеп тұр. Ал шаңғы тебуге арналған трассаның ұзындығы 5 шақырым. Былтыр Шымбұлаққа 1,4 миллион адам келген.

Алматы тау кластерін одан әрі дамыту перспективасына келсек, «Шымбұлақтың» қазіргі тау шаңғысы трассасын 56 шақырымға дейін ұзартып, жаңадан 65 километр инфрақұрылым салу жоспарланып отыр. Әлбетте бұл туристік әлеуетімізді жан-жақты танытуға мүмкіндік береді. Оған қоса, саяхатшыларға қолайлы жағдай жасау үшін қалада 37 жаңа қонақ үйдің құрылысы жүріп жатыр. 29 туристік нысанның жобасы әзірленіп, олардың 14-і биыл іске қосылады.

«Туризмнің экономикаға әсері жергілікті бюджетке түскен салық көлемінен көрінді. Ол 43,7 млрд теңге болды. Осы кезеңде туризм саласына салынған негізгі капитал инвестициялық 72 млрд теңгеге жетті. Туризм саласынан түсетін салық екі есеге артып, айтарлықтай көлемге жетті. Бұл  – көрсеткіштер туристік инфрақұрылымды дамытуға, қаланың тартымдылығын арттыруға және туризмнің экономикалық үлесін нығайтуға бағытталған шаралар», – деді Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ғазиз Төлебек.

«Медеу» тек Алматының емес, Қазақстанның ең танымал туристік нысандарының санатына кіреді. Алып кешен қайта жаңғырту жұмысынан кейін өзгеше түрленіп, көркеймек. Қала билігінің сөзінше, сырғанау маусымы айтарлықтай ұзарып, мұздың сапасы жақсарады. Конькимен сырғанау спортынан ашық аспан астындағы халықаралық жарыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік туады. Ал спорт нысанынан сәл төмен орналасқан аумақ ашық алаңқайы мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдары бар рекреациялық аймаққа айналады. Бұл туралы шаһар басшысы Ерболат Досаев Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің «Медеу» спорт кешенін аралағанда баяндап берген. «Медеуді» орнықты туризм моделі бар әлемдік деңгейдегі орталыққа айналдыруды көздейтін жаңа даму жобасымен де таныстырды. Мұны бірегей нысан деп айттым.

Мұз айдынының әлемдік спорт тарихындағы орны айрықша. 1972-1991 жылдары әйелдер мен ерлер арасында өткен жарыстарда барлық қашықтық бойынша 247 рет рекорд орнатылған. Әлемдегі ең биік орналасқан ашық мұз айдынының ауданы 10 500 шаршы метр, теңіз деңгейінен 1691 метр биікте тұр. Алайда 53 жыл бұрын ашылған кешен соңғы рет 2008 жылы модернизацияланған. Енді екі жылға жабылғанымен, әлемдік стандарттарға сай қайта жаңғыратыны көңіл қуантады. Ең бастысы, Медеудің архитектуралық келбеті сақталады.

 

Новости партнеров