Astana Finance Days 2025: елордада әлемдік қаржы саласының сарапшылары бас қосты

Халықаралық іс-шарада экономикалық өсім және жаңа технологияларды дамыту жолында капиталды тиімді пайдалану мәселелері қозғалды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада әлемдік қаржы саласының сарапшылары бас қосқан «Astana Finance Days 2025» форумы өтіп жатыр. Осымен сегізінші рет ұйымдастырылған халықаралық іс-шарада экономикалық өсім және жаңа технологияларды дамыту жолында капиталды тиімді пайдалану мәселелері қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Халықаралық жиынға АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері секілді алпауыт мемлекеттердің өкілдері келген. Арасында Индонезияның бизнесмендері де бар. Аталған елдің Қазақстанмен мұнай, газ, инфрақұрылым және минералдар салаларында бірқатар ортақ жобалары бар. Бүгінге дейін Қазақстан Индонезияға шамамен 3 миллион доллар инвестиция салған. Ол мемлекеттің ірі компаниялары да қазақ даласына қаржы құйып жатыр.

«Биыл желтоқсанда Индонезия мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында еркін сауда туралы келісімге қол қойылады. Бұл келісімге Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь және Қырғызстан кіреді. Қазіргі уақытта біз энергетика, минералдар және цифрландыру салаларына қызығушылық танытып отырмыз. Алда Қазақстан мен Индонезия арасындағы ынтымақтастықты нығайту, экономикалық серіктестікті жүзеге асыру үшін көп жұмыс күтіп тұр. Сондықтан бұл форум біз үшін маңызды», – деді Индонезияның ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Мохамад Фаджрул Рахман.

Қазақстанның көлік секторы – ел экономикасының маңызды драйверлерінің бірі. Жалпы ішкі өнімнің өсуіне үлес қосып отырған сала. Сондықтан көлік инфрақұрылымында ірі жобаларды жүзеге асыру үшін қомақты қаражат қажет. Бұл ретте форум инвесторларды тартуға сеп болады. Жиынға Американың боинг корпорациясының өкілдері арнайы келген. Қазақ тарапы әуе кемелерінің паркін кеңейту мақсатында алдағы уақытта ұшақтар сатып алуға ниетті. Өйткені, біздің авиациялық индустрия қарқынды дамып, жылына 10-15 пайызға өсіп отыр.

«Әуе компанияларының жоспарларын ескере отырып, алдағы уақытта кемінде 100 жаңа ұшақ сатып алуды жоспарлап отырмыз. Әуе кемелері еліміздің жолаушыларын, туризмді және халықаралық рейстерді қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, біздің нарықты дамытуға ықпал етеді», – деді ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев.

Цифрлық сала да шетелдік капиталға қызығушылық танытып отыр. Өйткені, креативті стартаптарды халықаралық нарыққа шығару үшін қаражат қажет. Бұған дейінгі эскпорт көлемі жарты миллиард долларға жеткен. Бұл көрсеткіш ауқымды инвестициялар есебінен қамтамасыз етілген.

«Біз инвестиция және эспорт жағынан Астана хаб арқылы жұмыс жасап жатырмыз. Мақсат – 2026 жылы 1 миллиардқа жетуге ІТ саласында экспортты ұлғайту», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Жыл басынан бері бизнеске 8,8 триллион теңге кредит берілген. Бұл былтырмен салыстырғанда 7,4 пайызға көп. Десе де, корпоративтік несиелеудің жалпы көлемі әлі де төмен деңгейде. Осы тұста инвесторлар оның үлесін арттыру керек деп отыр.

«Меніңше, ұлттық экономикамыз үшін ең маңызды фактор — корпоративтік несиелеудің дамуы. Қазір бизнеске берілетін несие көлемі өте төмен деңгейде қалып отыр. Бұл антиинфляциялық саясаттың салдары ретінде байқалады. Сондықтан алдағы уақытта осы мәселені шешу – басты міндеттердің бірі», – деді Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов.

Пленарлық отырыста Грузиядан келген бизнесмен Ника Гилаури инфрақұрылымдық қор құру туралы идея айтты. Сөзінше, бұл қор инвесторлардың тәуекел деңгейін төмендетіп, қаржыландыруды қолжетімді етеді. Қазақстан Үкіметі бұл мәселені шұғыл қарастыратынын жеткізді. Өйткені, тек коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға кемі 6 жарым триллион теңге қажет екен. Көп жағдайда мұндай қаражатты тек қарызға ғана алады.

«Ұзақ мерзімге пайызы төмен қаражат қажет. Инфрақұрылым – тәуекел деңгейі төмен сала. Десе де, бәрі тариф саясаты мен құрылыс сапасына байланысты. Мистер Гилаури атап өткендей, әлемде жинақталған зейнетақы активтері – ұзақ мерзімді қаржыны қамтамасыз ететін негізгі қайнар көз. Осы мақсатта арнайы қаржылық құрал әзірлеу қажет», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев

Айта кетейік, әлемдік қаржы саласының сарапшылары бас қосқан форум ертең де жалғасады.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Қатерлі ісікпен күрес: Алматыда халықаралық конференция өтті

Новости партнеров