Қатерлі ісікпен күрес: Алматыда халықаралық конференция өтті

Қазақстанда жылына 40 мыңға жуық адамнан қатерлі ісік диагнозы анықталады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда жылына 40 мыңға жуық адамнан қатерлі ісік диагнозы анықталады. 13 мың адам осы дерттен қаза табады. Ал көз жұмған азаматтардың көпшілігінде өкпе, асқазан, ішек обыры кездеседі. Бұл туралы дерек «Best of ASCO Kazakhstan 2025» халықаралық конференциясында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елімізде үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған халықаралық конференцияда 10 тақырып талданды. Сүт безі, өкпе, асқазан, өңеш пен бас, мойын қатерлі ісігін емдеудің тиімді тәсілдері айтылып, саладағы жаңашылдық көрсетілді. Жиынға әлемнің 10-нан аса елінің ғалымдары, онколог мамандар мен жас зерттеушілер қатысып, өзара тәжірибе алмасты.

«Конференция адамның өмір сүру уақытын ұзартуға, денсаулықты жақсартуға көмектесетін жаңа таргетті препараттардың бар екенін көрсетіп отыр. Одан бөлек, сәулелі терапия мүмкіндігін талдадық. Біздің елде бұл әдісті қолдануға болады. Қазақстанның 10 өңірінде оған қажетті жабдықтар жаңартылды. Қондырғылардың барлығы заманға сай. Конференциядан кейін әдіс мемлекетімізге толығымен енгізіледі деп ойлаймын», – деді медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Диляра Қайдарова.

«АҚШ-та онкологтар ассоциациясы бар. Ұйым жыл сайын саладағы өзгерістерге қатысты ауқымды жиын өткізеді. Мамандар тәжірибе алмасады. Конференцияны өзге мемлекеттерде де ұйымдастыру үшін әлем елдеріне квота беріледі. Биыл оны Қазақстан мен Жапония ғана иеленді. Бұл – үлкен жетістік!» – деді ҚР ҰҒА вице-президенті Дидар Батыршев.

Конференцияда Қазақстанда 45 жасқа дейінгі 1000-ға жуық әйелде сүт безі қатерлі ісігі диагнозы анықталатыны да сөз болды. Көбінде бұл дерттің тұқым қуалайтыны жеткізіліп, оны бастапқы кезеңде анықтап, бірден емге кірісудің пайдасы түсіндірілді.

«BRCA1, BRSA2 сүт безіне әкеп соқтыратын мутациялардың ерекшеліктері туралы баяндалды. Мутация тұқым қуалайтын болғандықтан, қорғану мүмкін емес. Сүт безінің қатерлі ісігінің 5 пайызы тұқым қуалайтын ауру болып саналады. Сондықтан семьясында сүт безінің қатерлі ісігімен ауыратын әйелдер болса, барлық семья мүшелері тексеріліп тұруы керек», – деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты бөлімінің хирургі Назгүл Омарбаева.

Қазір елде аталмыш дертпен күрес қарқынды жүріп жатыр. Арнайы ем-дом шаралары қабылданған. Мамандардың айтуынша «мақсатты терапия» әдісі емделушінің жағдайын 40 пайызға дейін жақсартады. Ал қыз-келіншектерде жиі кездесетін бұл кеселмен күресу үшін мемлекет тарапынан да жағдай жасалған. 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер әр екі жыл сайын емханаға барып, тегін тексеріле алады.

Атап өтейік, берері мен пайдасы мол кездесу ертең де жалғасын табады. 

Рүстем Айткәрім, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Алматыда студенттерге арналған «Дос-Мұқасан ұясы» жатақханасы ашылды

Новости партнеров