Астанада пәтер жалдау құны неге қымбаттап кетті - сарапшы жауабы

10.01.2025 21:37

Сала мамандары пәтер құнының бірден өсіп кетуін түрлі себеппен байланыстырады

Астанада пәтер жалдау құны 6,1 пайызға қымбаттады. Соңғы рет бағаның бұлай құбылуы 2022 жылдың қыркүйегінде тіркелген болатын. Қазір бас қалада жалдамалы баспананың 1 шаршы метрі орташа есеппен 5 мың теңге шамасында. Бұл өзге өңірлермен салыстырғанда 9 пайызға жоғары. Сала мамандары пәтер құнының бірден өсіп кетуін немен байланыстырады? Бұл сауалға баспана нарығы бойынша сарапшы Жаннұр ҒАЗИЗБЕК AlmatyTV эфирінде жауап бермек.

- Жаннұр ханым, елордада пәтер жалдау бағасының өсуіне не себеп?

- Астана қаласы бойынша жалға берілетін пәтерлердің құны не үшін көтеріліп жатқанының негізгі себептерін айта кетейін. Оның бірден бір себебі - Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің базалық ставкасының көтерілуі. Оның деңгейі былтырмен салыстырғанда 15,25 деңгейге дейін көтеріліп отыр. Екінші себебі – инфляция. Инфляцияның бүгінгі деңгейі Қазақстан Республикасы бойынша 8,5 пайыз болды.

- Сонда баспананың қандай түріне баға көтерілген?  

- Астана қаласы бойынша жалға берілетін пәтерлердің бағасының өсуі белгіленіп отыр. Атап айта кететін болсақ, 1 бөлмелі пәтерлердің бағасы 10 пайызға, 2 және 3 бөлмелі пәтерлердің бағасы 6 мен 8 пайыз аралығында көтеріліп отыр.

- Алдағы уақытта Астанада пәтер жалдау құны тағы көтерілуі мүмкін бе?

- Көптеген факторларды есептей келе, маман ретінде Астанадағы пәтерлердің жалға беру құны көтерілуі мүмкін. Бірден-бір себебі, Ұлттық банктің базалық ставкасының көтерілуі, екінші деңгейлі инфлицияның деңгейі, құрылыс материалдарының бағаларының, АЕК-тің көтерілуі, бәрі әсерін тигізіп отыр.

Оқи отырыңыз: Алматыда есептеу құралдары жоқ тұрғындар үшін су тұтыну нормалары өзгерді