Банктер исламдық қаржы жүйесімен де жұмыс істей алады
Қазақстандықтар автонесиені көптеп ала бастаған. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымованың дерегінше, тұтынушылық несиенің ішінде кредитке көлік алушылардың үлесі 25 процент. Бұл көрсеткіш автонесиелер әлі де белсенді өсіп жатқанын көрсетеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Банктер туралы заң жобасын бірінші оқылымға әкелген Мадина Әбілқасымоваға депутаттар сұрақты қарша боратты. Олардың басым көпшілігі кредиттің батпағына батқан халыққа жаңа құжаттың қандай пайдасы барын, несиелік жүктемені қалай азайтатынын сұрады. Олай деуге себеп бар. Халық қалаулыларының дерегінше, 8,5 миллион қазақстандықтың банк алдында 23 триллион теңгеден астам берешегі бар. Ал микроқаржы ұйымдарына, ипотекалық компанияларға және басқа да квазимемлекеттік құрылымдарға қарызын қосса, бұл сома 48 триллионға теңгеге жуықтайды. 90 күннен кешіктірілген төлем 1,1 триллион теңге. Ал Әбілқасымованың өз есебі бар. Сөзінше, тұтынушылық несиелердің өсу қарқыны бәсеңдеген.
«Өткен жылмен салыстырсақ, тұтынушылық кредит 33,5 пайыз өскен. Ал қазіргі уақытта ол 17,8 пайыз өсті. Бірақ қарыз алушылардың кредит портфелін қарасақ, олардың ішінде автокредиттің сегменті өте жоғары. Көп үлес қосып жатқан сол – автокредиттер сегменті. Ол қазір тұтынушылық кредиттердің ішінде 25 пайызды құрайды. Ол былтыр 54 пайыз, биыл 35 пайызға өсті», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Қарашадан қарызын қайтарарда түрлі әдісті қолданатын екінші деңгейлі банктер мемлекетке берешегін әлі күнге бере алмай келеді. Биыл Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент 2017-2020 жылдары мемлекеттен көмек алған ірі банктер ақшаны кері қайтаруға асықпайтынын айтқан. Депутат Мұрат Ергешбаев Мәдина Әбілқасымованың есіне Мемлекет басшысының сөзін салып, банктерге берілген миллиардтар мен триллиондарды тізіп шықты. Сөзінше, бүгінгі таңда тек үш банк мемлекетке қаражатын толық қайтарған.
«1 триллион теңге 30 жылға дейін тегін беріліпті. Менің ойымша, бұл жағдайлар нарыққа сай емес және мемлекет үшін өте тиімді емес. Сондықтан банктер барлық сомманы бірден емес, кесте бойынша төлегені тиімді», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев.
Депутаттардың айтуынша, жаңа заң онлайн несие мен алаяқтықтың алдын алады. Одан бөлек, банктер исламдық қаржы жүйесімен де жұмыс істей алады.
Айта кетейік, үш сағаттан астам уақытқа созылған отырыста заң жобасына тек бір депутат дауыс берген жоқ. Қалғандары түгел қолдады. Алда екінші оқылым бар.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Зейнеткерлер еліміздің қай өңірінде көп тұрады