Базалық мөлшерлеменің көтерілуі қарапайым халыққа қалай әсер етеді

10.10.2025 19:34

Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің өсуінен кейін не күтіп тұрғанын түсіндірді

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5 пайыздан бірден 18 пайызға дейін көтерді. Бас қаржы институтының төрағасы Тимур Сүлейменов бұл қадам инфляцияны тежеу мақсатында жасалғанын айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қыркүйекте жылдық инфляция 12,9 пайызға жетіп, болжанған деңгейден асып түскен. Оның өсуіне азық-түлік, қызмет көрсету құны және жанармайдың қымбаттауы әсер еткен. Бұған қоса, ішкі сұраныстың жоғары болуы мен белсенді бюджеттік саясат та инфляцияға қысым түсіріп отыр.

Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің өсуінен кейін халықты не күтіп тұрғанын түсіндірді.

«Базалық мөлшерлеме көтерілген соң нарық та соған бейімделеді. Несие мен депозит мөлшерлемелері өзгереді. Бұл кредит алушылар үшін несиелеуді бұрынғыдан да тиімсіз етеді. Ал депозит иелері аздап болса да табыс таба бастайды. Нәтижесінде тұтынушылық белсенділік төмендеп, сұраныс азаяды. Сұраныстың азаюы бағаның тұрақтануына және инфляцияның тұрақталуына алып келеді», – деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, инфляцияға сыртқы факторлар да әсер еткен. Тимур Сүлейменовтің дерегінше, соңғы жылдары ет пен өсімдік майының бағасы рекордтық деңгейде өскен. Бұл ішкі нарықтағы бағаның көтерілуіне ықпал етіп отыр.

Айта кетейік, Ұлттық банк бір жыл ішінде базалық мөлшерлемені осымен екінші рет көтеріп отыр. Биыл наурызда Бас қаржы институты оны 15,25 пайыздан 16,5 пайызға өсірген еді. Тимур Сүлейменов жыл соңына дейін базалық мөлшерлерме тағы да көтерілуі мүмкін деп отыр.

«Егер инфляция біртіндеп баяуламаса базалық мөлшерлемені көтеруге тура келеді. Бірақ бұл қараша айында болады. Сол уақытта біз модельдерімізді толығымен жаңартамыз. Тиісінше, біз экономикада не болып жатқанын, соның ішінде деректер мен трендтерді ескере отырып, жан-жақты бағалай аламыз деп ойлаймын. Сол кезде тиісті шешім қабылдаймыз», - деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

Оқи отырыңыз: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді