Биыл 20 мыңнан аса интернет-алаяқтық фактісі тіркелген

06.11.2025 21:51

Қазақстанда киберқылмыс қарқыны басылмай тұр. Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің дерегінше, биыл 9 айда 20 мыңнан аса интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26 пайыз көп, деп хабарлайды Almaty.tv.

Интернет-алаяқтық бүгінде қылмыстың ең көп таралған түріне айналып отыр. Ең қызығы, кәмелет жасына толып банк картасын енді ашқан азаматтан бастап зейнеттегі қарияларға дейін зардап шегеді. Бүгінде елде тіркелген қылмыстық істердің жартысынан астамы онлайн жасалған. Елорда мен Алматы тұрғындары әккілердің арбауына жиі түсетін көрінеді. Одан кейін Қарағанды мен Павлодар облыстары тізімде тұр. Бұл төрт өңірдің үлесі жалпы көрсеткіштің 44,5 пайызынан асып жығылады. Ал Маңғыстау мен Ұлытау облыстарында интернет-алаяқтық әлі де тамырын жая қойған жоқ. Финпром талдау порталының мәліметінше, ең кең таралған тәсіл – банк қызметкері болып қоңырау шалу. Олар азаматтарға «Қауіпсіз шотқа ақша аудару» деген жалған желеумен хабарласып, сенімге кіреді. Соңында қоңырау қабылдаған азамат солардың құрбанына айналады. Дәл осындай әдіспен 9 айда 5 мыңға жуық іс тіркеліп, көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 2 есе артқан. Сонымен қатар жалған жарнамалар мен ойлайн несие рәсімдеу арқылы жасалған қылмыстар да жиілеген. Кириптовалюта және қаржы пирамидасымен байланысты істер де аз емес. Заңгерлердің айтуынша, алданған азаматтар түгелдей арыз жазып, құзырлы органдарға жүгіне бермейді.

«100 пайыз жасалған қылмыстардың жәбірленушілері 100 пайыз арызданбайды. Тек 80 пайызы арыз жазады, 50 пайызына байланысты арызға қарап қылмыстық іс қозғалады. Соның 25 пайызы ғана сотқа жолданып, сол жерде күдіктілердің кінәсі толықтай дәлелденіп, жауапқа тартылады. Неге десеңіз, мұнда көбіне жәбірленушілер орта жолдан тоқтап, арыздарын қайтарған сәттер өте көп», – деді заңгер Арман Шәріпов.           

Биыл елде жалпы алаяқтықтан келген залал көлемі 117 млрд теңгеге жеткен. Ондағы киберқылмыстың үлесі 8,3 млрд теңге. Қаңтар мен қыркүйек аралығында қолды болған қаражаттың нәбәрі 37 пайызы ғана қайтарылыпты. Қаржы нарығындағы заңсыз әрекеттердің алдын-алу үшін былтыр Ұлттық банк жанынан Антифрод орталығы құрылды.

Қаржы институтының мәліметінше, кейінгі 10 айдың ішінде 60 мыңнан астам күдікті операцияның жолы кесіліп, шамамен 2,5 млрд теңге залалдың алдын алған. Киберқылмыс мәселесі Мәжіліс мінберінде де ұдайы көтеріліп келеді. Сарапшылардың пікірінше, интернеттегі алаяқтық факторының жиілеуіне халықтың цифрлық сауаттылығының төмендігі мен жеке деректердің тиісті деңгейде қорғалмауы және банктік жүйелердің осалдығы себеп болып отыр. Сондықтан мамандар қауіпсіздік мәдениетін күшейтіп, азаматтардың цифрлық сауатын арттыру маңызды екенін айтты.

Оқи отырыңыз: Ішімдіксіз ауыл: Атырау облысында ауыл тұрғындары алкоголь сатудан бас тартты