Биыл отандық тауар өндірушілердің тізілімі қайта жасалады

03.06.2025 19:42

Үкімет басшысы отандық өндірісті дамытып, ары қарай қолдау үшін жауапты ведомстволарға нақты тапасырмалар жүктеді

Биыл елімізде өңдеу өнеркәсібі 7,2 пайызға өскен. Нәтижесінде 9 триллион теңгенің өнімі өндірілген. Ең жоғары өсім машина жасау саласына тиесілі болса, одан кейінгі орында химия өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және жиһаз өндірісі тұр. Бұл туралы Үкіметте Өнеркәсіп және құрылыс министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үкімет отырысының әлқиссасын Өнеркәсіп және құрылыс министрі бастады. Тап-тұйнақтай жазылған баяндамасын онлайн оқып берген Ерсайын Нағаспаев «елімізде отандық өнімнің үлесі артып келеді» дейді. Әсіресе, металлургия, жеңіл өнеркәсіп және электроника салаларында ілгерілеу бар. Өзімізде өндірілетін тауарлар ұлғайғандықтан, шетелден келетін өнімдер азая түскен. Сәйкесінше, отандық тауар өңдірушілерді қолдауға арналған жұмыстар жүйелі түрде іске асырылып келеді. 

«Өндеу өнеркәсібін қолдаудағы тиімді құралдардың бірі – реттелетін сатып алу. Осы құрдың арқасында отандық тауарлардың 4800-ден астам позициясына басымдық берілді. Осы жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар отандық тауар өндірушілермен 303 миллиард теңге болатын 96 мыңнан астам келісімшартқа отырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе жоғары», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Нағаспаевтың айтуынша, өңірлерде шағын өнеркәсіптік аймақтарға сұраныс артып келеді. Қазірдің өзінде Астана мен Шымкентте, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында 34 шағын өндірістік алаң құрылып жатыр. Бұл жобаларға бюджеттен 46 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Ведомство басшысы алдағы уақытта осы бағытқа қазынадан тағы да қаржы алуды көздеп отыр. Ал энергетикаға жауапты министр Ерлан Ақкенженов болса мұнай-газ саласындағы жетекші шетелдік өндірушілермен бірлесіп жеті кәсіпорын құрмақшы. Олардың қатарында Германияның, АҚШ-тың, Оңтүстік Кореяның, Италияның компаниялары бар.

 «Мұнай-газ саласында неғұрлым сұранысқа ие, түпнұсқа тауарлардың әлемдік өндірушілері болып табылатын Leser, John Crane, Hi Air Korea, Baker Hughes, Breda Energia, Flowserve, Swagelok компнаиялармен бірлесіп жеті жаңа өндірісті оқшаулау бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деді  ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов

Биыл отандық тауар өндірушілердің тізілімі қайта жасалып, келесі жылы 1 қаңтардан бастап іске қосылады. Бұл цифрлық жүйе сырттан дайын өнім әкеліп, тек орамасын ауыстырып, «өз өнімім» деп көрсететіндерге тұсау болмақ. Жемқорлықты да тыймақ. Үкімет басшысы Олжас Бектенов мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар өнімді сатып алатын кезде осы тізілімге енген өндірушілерге басымдық бермек.

«Адал өндірушілер автоматты түрде қосылады. Ал «жалған» өндірушілер тізілімге ене алмайды. Жаңадан өтініш берушілер қарапайым өтініштің және автоматты цифрлық тексеру негізінде ешқандай бюрократиясыз қосыла алады. Сарапшыларды шақыру мен басы артық тексерулерден өтудің және көп қағаз толтырудың қажеті болмайды. Барлығы цифрлық режимде, адамның қатысуынсыз жүргізіледі. Осыны баса айтқым келеді. Бұл сапалы бақылауды қамтамасыз етіп, міндетін адал атқармайтын тауар өндірушілерді анықтауға мүмкіндік береді», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов

Премьер-министр Олжас Бектенов тауар өндірушілерге берілетін сертификаттау жүйесінде кемшілік барын жасырмайды. Тіпті «Атамекен» палатасы арқылы заңсыз әрекеттер жасалғанын да біледі. Сондықтан тізілім барынша ашық болуы керек екенін айтты. Министрлерді мұқият тыңдаған Үкімет басшысы отандық өндірісті дамытып, ары қарай қолдау үшін жауапты ведомстволарға нақты тапасырмалар жүктеді.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Елімізде азық-түлікке жұмсалатын шығын үлесі 10 пайызға артқан