Қазақстанда валюталық депозиттердің сыйақы мөлшерлемесі өзгереді
Қор бұл шешімді елдегі депозиттердің долларлану деңгейінің төмендеуімен байланыстырып отыр
Қазақстанда 1 қазаннан бастап 12 айдан ұзақ мерзімге ашылатын валюталық жинақ салымдардың шекті сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайызға дейін өседі. Бұған дейін бұл көрсеткіш 1 пайыз болған. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алайда 2,5 пайыз – банктер үшін міндетті мөлшерлеме емес. Нақты сыйақы мөлшерін әр банк өзі белгілейді.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының ақпараттық саясат секторының менеджері Айбота Жаппарбергеннің айтуынша, өзгеріс барлық валюталық депозитке қатысты болмайды.
«1 қазаннан бастап мерзімі 12 айдан жоғары болатын валюталық жинақ салымдардың шекті сыйақы мөлшерлемелері 2,5 пайызға жоғарылайды. Олардан басқа валюталық салымдардың барлық түрі, оның ішінде мерзімді, мерзімсіз, сондай-ақ мерзімі 12 ай және одан төмен болатын валюталық жинақ салымдардың шекті сыйақы мөлшерлемелері бұрынғы жылдық 1 пайыз деңгейінде қалады», – деді Айбота Жаппарберген.
Қор бұл шешімді елдегі депозиттердің долларлану деңгейінің төмендеуімен байланыстырып отыр. 2015 жылы бұл көрсеткіш 80 пайыздан жоғары болса, қазір 19,2 пайызға дейін төмендеген.
Мамандардың айтуынша, валюталық депозит ашатын азаматтар оның шарттарына мұқият мән бергені жөн. Себебі кейбір жинақ салымдарынан ақшаны мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін. Сонымен қатар кей банктерде депозитті толықтыруға рұқсат етілмейді.
«Салымдардың долларлану деңгейі бірнеше жылдан бері шамамен 20 пайыздық деңгейде сақталып келеді. Демек, біз салымдардың долларлану деңгейі бойынша қандай да бір тұрақты, құрылымдық деңгейге қол жеткіздік деп айта аламыз. Бұл өз кезегінде валюталық салымдардың шекті сыйақы мөлшерлемелерін біртіндеп, кезең-кезеңмен ырықтандыруға мүмкіндік береді», – деді Айбота Жаппарберген.