Инвестициялық субсидиялар ауыл шаруашылығы техникасының тозуын азайтты
Мемлекет тарапынан инвестициялық субсидиялау түрінде көрсетілген қолдау шаралары аграршыларға ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозу деңгейін 70%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл туралы сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан егін жинау науқанына 130 мың трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың дестелегіш және 130 мың өзге де техника жұмылдырылған. Соның ішінде диқандардың жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша сатып алған 12,7 мыңнан астам тракторы мен 2 340 комбайны жұмысқа қатысуда, бұл қолда бар парктің шамамен 10%-ын құрайды. Инвестициялық субсидиялар бірінші кезекте отандық техника өндірісін дамытуға бағытталған.
«Егін жинауды өткізуге өңірлерге 401 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бүгінгі таңда 268 мың тонна немесе бөлінген көлемнің 67%-ы жөнелтілді. Бұдан бөлек, егін жинау кезеңіндегі жауын-шашынды ескере отырып, астықты кептіруге қосымша 41,3 мың тонна дизель отыны бөлінді», — деп баяндады Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.
Оқи отырыңыз: Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын түзету кезінде тұрғындардың ұсынысы ескерілді