Сенат тиісті заңды мақұлдады
Сенат «Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші тараптың бірыңғай кедендік транзит жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.
Сенатор Бекбол Орынбасаров заңды әріптестеріне таныстыра отырып, ұсынылып отырған өзгерістер кедендік рәсімдерді терең цифрландыруға арналғанын атап өтті.
— Бірыңғай транзиттік декларацияны тек электрондық құжат түрінде енгізу, электрондық декларациялауға көшу және кедендік операцияларды жүргізудің бірыңғай, үздіксіз тәртібін белгілеу артық бюрократиялық аппаратты жояды.
Құжаттағы «үшінші тараптарға» ЕАЭО-ға кірмейтін мемлекеттер, сондай-ақ ірі халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестіктер жатады. Біз тек сыртқы нарықтарға бейімделіп қана қоймаймыз, үшінші елдерге бірыңғай, тексерілген және қауіпсіз технологиялық стандартты ұсынамыз.
Озық технологияларды интеграциялауға, атап айтқанда, навигациялық пломбаларды міндетті түрде қолдануға ерекше назар аудару қажет. Бұл Одақтың және үшінші елдердің бүкіл аумағы бойынша нақты уақыт режимінде тасымалдауды үздіксіз қадағалауға мүмкіндік береді, — деді ол.
Депутат аталған келісім ратификацияланса, жол бойында жүктердің ұрлануы немесе ауыстырылу қаупін барынша азаятынын айтты.
— Кеден органдары шешімдерінің өзара танылуы мен процестерді автоматтандырудың арқасында біз ішкі шекаралардағы физикалық тексерулердің санын қысқарта аламыз. Нәтижесінде жүкті өңдеу уақыты бірнеше сағаттан рекордтық отыз минутқа дейін қысқарады.
Маршруттарды оңтайландыру және шекарадағы іркілістерді жою бизнестің жалпы логистикалық шығындарын 15 пайыздан 30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл шаралар жүктерді тасымалдау кезінде жылдамдықты айтарлықтай арттырып, уақытты үнемдейді.
Келісімді ратификациялау республикамызда жүргізіліп жатқан ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға тікелей ықпал етеді. Каспийдегі Ақтау және Құрық порттарын жаңғырту, автожол желілерін кеңейту, құрғақ порттар мен теміржолдар құрылысы қуатты синергиялық тиімділікке ие болады, — деді Бекбол Орынбасаров.
Сондай-ақ ол ЕАЭО аясынан тыс тараптармен өзара іс-қимыл жасау елдің транзитін жаңа деңгейге шығаратынын айтады.
— Біз Азия, Парсы шығанағы және Еуропа нарықтарына тікелей әрі жылдам шығу мүмкіндігін аламыз. Жаңа серіктестермен келісімшарттар жасай отырып, өзіміздің кедендік ережелерімізді олардың көлік дәліздерімен байланыстырамыз және жүктер үшін кез келген кедергілерді жоямыз.
Біз Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ), Жаңа Жібек жолы және «Солтүстік — Оңтүстік» дәлізі сияқты негізгі маршруттардың тартымдылығын айтарлықтай арттыра аламыз, — деді сенатор.
Оқи отырыңыз: Депутаттар экология саласын реттеу бойынша жаңа шараларды ұсынды