Жаңа ұйым ақпараттық жүйе форматында жұмыс істейді
Қазақстан ТМД елдерімен бірге экономикалық қылмыстармен күресу үшін халықаралық орталық құрады. Бүгін Сенат депутаттары қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру қауіп-қатеріне баға беретін халықаралық орталықты құру туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құжатқа ТМД басшылары 2023 жылы қазанда Бішкекте қол қойған. Жаңа ұйым ақпараттық жүйе форматында жұмыс істейді. Яғни, аталған елдер заңсыз қаражат ағыны, салықтық қылмыстар, сыбайлас жемқорлық бойынша өзара мәлімет алмасып отырады.
«Қаралған келісім ТМД елдер шеңберінде қылмыстық жолмен алған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жетілдіру үшін әзірленді. Осы мақсатпен арнайы халықаралық орталық құру көзделген. Бұл орталық осы бағыттағы қауіп-қатерлерді бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қаржылық бағдарлау бөлімшелері арасында қорғалған ақпараттық жүйе арқылы алмасуға жол ашады», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Қаржылық мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің сөзінше, орталық Мәскеуде орналасады. Жоғары палатада қаралған құжатты бұған дейін Армения, Беларус, Қырғыстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан өз парламенттері арқылы ратификациялаған. Келісімді бекіту республикалық бюджеттен қосымша шығыстарды талап етпейді. Сенаторлардыі айтуынша, керісінше, Қазақстанның қаржылық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосады.
«Орталық қаржылық ақпаратты жан-жақты зерделейтін заманауи ақпараттық-талдау жүйесі ретінде ұйымдастырылған. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің ақпараты бойынша, орталықтың талдау жүргізуге арналған тиісті технологиялық платформасы қазірдің өзінде жоба ретінде іске қосылып, өз жұмысының тиімділігін іс жүзінде көрсетті», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сұлтанбек Мәкежанов.
Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды Алматының коммуналдық қызметінің қысқы маусымға дайындығын тексерді