Елімізде 4 айда ішкі өнім 6 пайызға өсті

13.06.2025 14:31

Ведомствоның мәліметінше, ел экономикасының ілгерілеуіне көлік, құрылыс, өндіріс және сауда саласы ықпал етіп отыр.

Қазақстан экономикасы 12 жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке жетті. 2025 жылдың соңғы төрт айында жалпы ішкі өнім 6 пайызға өскен. Бұл жөнінде Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, ел экономикасының ілгерілеуіне көлік, құрылыс, өндіріс және сауда саласы ықпал етіп отыр.

Мамандардың айтуынша, 2024 жылдың екінші жартысынан бастап жалпы ішкі өнімнің өсімі айтарлықтай жеделдей түскен. Егер жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш 3,2% болса, қазіргі уақытта 6 %-ға дейін ұлғайыпты. Даму ең алдымен өндіріс саласында байқалып отыр,  мұндағы өсім 22,4%. Құрылыс саласы да қарқын алып, 16,2% жеткен. Сарапшылар бұл оң динамиканы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау, әрі халық пен бизнеске берілетін несиелер көлемінің артуымен байланыстырады.

«Жалпы ішкі өнімнің өсуіне айтарлықтай үлес қосатын инвестициялық белсенділіктің артуын атап өтуге болады. Бес айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар18,2 процентке өсті. Бұл жерде өңдеу өнеркәсібіне инвестициялардың 45,7% өскенін атап өткен жөн, – деді ҚР ҰЭМ Макроэкономикалық талдау және болжамдау департаменті директорының орынбасары Қалыбек Мағзум

Инвестициялық белсенділіктің артуы ішкі өнімнің өсуіне оң ықпал етіп отыр. Негізгі капиталға құйылған қаржы экономиканың орта және ұзақ мерзімді тұрақты дамуына сенімді негіз бола алады. Мәселен 2024 жылы бұл бағыттағы инвестициялар 19 триллион теңгеден асқан. Соның нәтижесінде Қазақстан халықаралық саудада өз орнын нығайтып, экспорт пен импорт бағытындағы автотасымалдар көлемі 16%-ға өсіпті. Бұл еліміздің жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын көрсетеді.

 «Жақсы инвестициялар көп болуы үшін бірден экспортқа бағыттауыңыз керек. Неліктен мұндай инвестициялар маңызды? Өйткені ол арқылы жаңа технологиялар мен өндірістер пайда болады. Демек, бәсекеге қабілетті өнімдер шығара аламыз деген сөз.Қазір бізден шығатын өсімдік майы, ет пен астық өнімдері әлемде көшбасшы», – деді  «QAZTRADE» сауда саясатын дамыту орталығы» ақ бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.

Шағын және орта бизнесті қолдау – ел экономикасын дамытудағы маңызды бағыттардың бірі. Сарапшылардың айтуынша, аталған саланы жүйелі түрде дамыту 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімді 7%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта Үкімет бірқатар маңызды жобаларды қолға алған. Соның бірі – «Бәйтерек» холдингі арқылы жүзеге асырылып жатыр. Мұнда кәсіпкерлікті қолдау, тұрғын үй салу және ірі ұлттық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін шамамен 8 триллион теңге бөлінуі жоспарланып отыр.

«Мақсат – елімізде бизнес өкілдерінің көбейту, кәсіпорындардың іріленуі, кәсіпорындардың күшейуі. Яғни оларға кредит ресурстарын оңтайландырып бәріне қолжетімді қылу. Кепілдік қорлар арқылы, кепілдеме базаларын қолжетімді және барлығын бірегей қылу. Мерзімін азайтып жатырмыз», – деді  «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры Әлия Мырзағалиева.

2025 жылдың алғашқы тоқсанында елімізде жұмыспен қамтылғандар саны 9 миллионнан асты. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, соның 7 миллионы жалдамалы жұмысшылар, ал 2 миллионы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Адамдар көбіне сауда, білім беру, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында еңбек етуде. Былтырмен салыстырғанда жұмыс істеп жүргендердің қатары 116 мыңға артқан.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана