Қазақстан аэромобильді хабтар салуға күш жұмсамақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Смарт» көлік және логистика әлеміндегі бұл қадам көп істің тінін тарқатуға сеп болмақ. Себебі аэромобильді технологиялық прогрес сәт сайын дамып келеді. Еліміз де осы өркениеттен шет қалмау үшін вертипорттарды енгізіп, аэромобильді инфрақұрылымның иінін қандыруға көшті.
Мұндай жобалар әлемде қарқынды дамуда. Ұлыбританияның Ковентри қаласында орналасқан Urban-Air Port жобасы бар. Ал Joby Aviation атты американдық компания Дубай халықаралық әуежайында төрт вертипорттың алғашқысының құрылысын бастады.
2025–2029 жылдары әлем бойынша жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларынан асатын 1 мың 500-ден астам вертипорт салынбақ. Бұл нарықта Қытай көш бастап тұр. Алдағы үш жылда 182 вертипорт салу қарастырылыпты.
GMI аналитиктерінің дерегіне сүйенсек, былтыр жаһандық озық әуе мобильдігі нарығы 11,5 млрд АҚШ долларына бағаланса, 2034 жылға қарай ол 73,5 млрд доллар болмақ. Жүк тасымалы да өсіп, 26,4 млрд долларға жетеді. Мұндай өсімге электронды коммерция индустриясындағы сұраныстың артуы түркі болған. Сонымен қатар автономды технологиялар саласындағы жетістіктер мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының дамуы жүк тасымалдау тиімділігін еселеді. Қазақстанның бұл бағытта әлеуеті зор. Мұндай аппараттар шалғай елдімекендер арасында жүктерді шұғыл жеткізу, дәрі-дәрмектер, бөлшектер мен аса маңызды өнімдерді тасымалдауда қолайлы. Бұл шешім әсіресе табиғи апаттар кезінде аса қажет.
Алатау және Алматы қалаларының арасында Urban Air Mobility әуе көлігі үшін сынақ жасау ортасын және жұмыс тобын құру жоспарланды. Аэромобильдер жолаушылар мен жүктерді тасымалдау үшін пайдаланылады. «Алатау» ерекше назар аударатын аймақ болғандықтан, онда аэромобильді шешімдерді қалалық және технопарктік ортада сынақтан өткізу мүмкіндігі бар. Ғылыми-зерттеу институттары, стартаптар, IT-компаниялар мен көлік институттарының болуы - Алатауды пилоттық жобалар мен демонстрациялық бастамалар үшін қолайлы алаң етеді.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Еуропа Кеңесі ынтымақтастығының жаңа белестері талқыланды