Елімізде баспананы жалға беру бағасы қай өңірде қымбат

30.07.2026 19:26

Елімізде баспананы жалға беру бағасы қайта өсе бастады. Өйткені жаңа оқу жылының басталуына аз қалды,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сәйкесінше, сұраныс көбейген. Соңғы бір айда Қазақстан бойынша тұрғын үйді жалдау құны пәтердің шаршы метріне 3,1 пайызға көтерілген. Бұл ретте ең жоғарғы өсім 6,9 пайызбен Астанада тіркеліп отыр. Екінші орында Қонаев қаласы, кейін Талдықорған мен Қостанай тұр. Ал бұған дейін әрдайым көш басын бермеген Алматыда жалдау құны 3,4 процентке ғана көтеріліпті. Баға тек Түркістан мен Таразда өзгермеген көрінеді.

Ал төмендеу дерегі бір-де бір қалада тіркелмеген.  Дегенмен Алматы тұрғын үйді жалға алу бойынша елдегі ең қымбат қала саналады. Өйткені мегаполистегі пәтерлердің шаршы метрі 5814 теңгеден бағаланып отыр. Ал Астанада бұл көрсеткіш 400 теңгеге төмен. Өзгеріс пәтерлердің аумағына байланысты. Яғни елордада пәтердің бір шаршы метрі арзанырақ есептеледі. Алайда баспананың аумағы кеңірек болғандықтан, жалпы жалдау ақысы да жоғары. Астанада бір бөлмелі пәтерде 1 ай уақытша тұру 220 мың теңге болса, Алматыда бұл көрсеткіш 210 мың теңге.  Ал үш бөлмелі пәтерді жалдау ақысында 100 мың теңгедей айырмашылық байқалады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бағаның әр өңірде әр түрлі бұлқынуына әсер ететін негізгі фактор – студенттер. Мәселен Алматыда бүгінде 220 мыңнан аса студент жоғары оқу орындарында білім алады. Колледждерде оқитын тағы 86 мыңнан аса шәкірт бар. Ал олардың барлығын жатақханамен қамту мүмкін болмағандықтан, жастар пәтер жалдап тұруға мәжбүр.

Астанада көрсеткіш сәл төмен. Сондықтан сұраныс нарыққа әсер етпейтін көрінеді. 

Оқи отырыңыз: Атом саласындағы жаңа кезең бойынша Қазақстанның негізгі жетістіктері қандай