Елімізде биыл қаңтарда білім беру саласына салынатын инвестиция көлемі 7 есе артып, 79 млрд теңгеден асты. Осы бағытқа соны серпін беретін қыруар қаржының 40 пайызға жуығы Алматы мен Астананың еншісіне тиіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биыл білім саласындағылар үшін жағымды жаңалықпен басталды. Қаңтарда салаға бөлінген инвестиция көлемі 79,1 млрд теңгеге өсіп, рекордтық межеге жетті. 2024 жылдың қаңтардағы көрсеткіштен 7,3 есе көп. Сарапшылардың пікірінше, бұл – білім беру саласының әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, ғылым сияқты маңызды салалармен қатар тұрғанын көрсетеді. Былтыр білімге салынған жалпы инвестиция 1,1 трлн теңге болған. 2023 жылмен салыстырғанда 2,4 есе өскен.
Қаражаттың 40 пайызы Алматы мен Астанаға тиесілі. Алып шаһарға 18,4 млрд, Елордаға 13,1 млрд теңге бағытталды. Қос қалада көптеген білім беру орталығы шоғырланған әрі инвестицияның иінін қандыратын инфрақұрылымдық іргелі жобалар іске асып жатыр. Алайда аймақтар да инвестициялық серпілістен тыс қалмайды. Теңдей бөлінбесе де, әділетті үлестірілгені анық. Ірі соманың ауыз толтырып айтарлықтай көлемі Алматы, Ақмола және Түркістан облыстарының үлесіне тиіп отыр. Қаражаттан Ұлытау мен Жетісу облыстары да құр алақан емес. Абай облысын өрістететін білім саласына салынған инвестициялар 1,2 млрд теңгеден асып, рекордтық өсім көрсетті. Ал қаржыландырудың қайнар көзі – республикалық бюджет.
Екі ай бұрын осы бюджеттің бүйірінен 65 млрд теңге инвестиция бөлінді. Өткен жылдың қаңтарына қарағанда, сома едәуір көп. 2024 жылы білім саласына республикалық бюджеттен бөлінген инвестициялар 12,6 есе ұлғайып, 684,5 млрд теңгеге жетіпті. Бұдан Мемлекет басшысының «Адами капитал әрдайым басты назарда тұрады» деген сөзінің іске асып жатқанын көреміз. Үкімет осыған маңыз беріп, одан әрі қарай дамытуға мүдделі.
«Мектепке дейінгі білім беру желісін модернизациялауға ерекше көңіл бөлінеді. Өткен жылы 720 орындық 14 жеке балабақша ашылған. Ал 2025 жылдың соңына дейін тағы 500 орынға 10 жекеменшік бақша ашу жоспарлануда. 2025 жылдың ақпан айында Думан-2 шағынауданында 320 орындық жекеменшік балабақшаның құрылысы басталды.Ол 2026 жылы ақпанда аяқталады. Биыл сәуір айында №195 балабақшаның ғимаратын 1,2 млрд теңгеге сейсмикалық күшейту мен күрделі жөндеу аяқталады, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Жергілікті бюджетке келсек, инвестиция қаңтарда 4,7 есе, яғни 7,1 млрд теңгеге өсті. Бірақ бизнес білімге инвестиция салуға асығар емес. Сарапшылар «түрлі экономикалық факторлар әсер етуі мүмкін}Дегенмен, әзірге жылдың басы. Алдағы уақытта жеке сектор аталған саланы дамытуға үлес қосады деп сенеміз» дейді.
Білім беру жүйесін жаңғыртудың негізгі қаржы жүктемесі мемлекеттің міндеті болып қала бермек. «Білім беруге құйылатын қыруар қаражатты жай дерек үшін керек сандар деп қарауға болмайды. Мұны елдің ертеңі жарқын, болашағы баянды болуына бағытталған стратегиялық инвестиция деп бағалау қажет». Бұл – инвестицияның игілігін көрген, білетін сала мамандарының сөзі. 2024 жылы республикалық бюджеттен адами капиталды дамытуға 8,8 трлн теңге бөлінген. Оның ішінде 300 млрд теңге білім саласына, 700 млрд теңге ғылым мен жоғары білімге салынды.
-2027 жылдары білім беруді дамытуға 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланып отыр. Қаржы университет студенттерінің стипендиясын 15-20 пайызға арттыруға, олардың жол жүру шығындарын өтеуге, білім гранттарының санын 78 мыңға дейін көбейтуге, ғалымдардың еңбекақысын көтеруге жұмсалмақ.