Елімізде ет бағасы шарықтап барады. Кейінгі 1 жылда бұл өнімдердің құны 12 пайызға дейін қымбаттаған. Ал тұтынушылар сиыр мен қойдың етінен бас тартып, көбіне жылқы мен тауық етін таңдай бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Ет етке, сорпа бетке» деген қазағым ежелден ет жемесе, тұра алмайтыны белгілі. Бұрын-соңды қонақ күтпесе де, күнделікті ауызды майлап отыратын. Қазір бұл өнім нағыз деликатеске айналып барады. Бұған дәлел ретінде сандарды сөйлетсек.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде соңғы бір жылда еттің бағасы 12 пайызға дейін көтеріліпті. Ал тек маусымда 1,2 пайызға шарықтаған. Нарықта орташа есеппен сиыр етінің бағасы келісіне – 3 мың теңгенің төңірегінде, ал қой еті – 3 100, жылқы еті – 3200, тауық еті – 1500 теңгенің айналасында саудаланып жатқан көрінеді. Яғни, соңғы 1 жылда сиыр мен қой етінің құны 16,9 пайызға, жылқы еті – 5,6, тауық еті – 4,5 пайызға өскен. Сондай-ақ шұжық өнімдері де қымбаттапты.
Қазақстан – ішкі нарықты етпен өзі қамтып отырған мемлекет. Шілдеде өткен баспасөз отырысында Ауыл шаруашылығы министрі «қор да жеткілікті, тіпті шетелге шығарылып жатыр» деді.
Бірақ статистика елімізде ай сайын бұл өнімнің құны 1,4 пайызға көтерілетінін көрсетіп отыр. Сонда неге бізде ет қымбаттап жатыр? Министрдің айтуынша, сойылмаған малдың бір келі құны 1250 мен 1500 теңгенің аралығында сатылады. Ал қасапшы қолынан өткен соң, салмағының тең жартысы қалып, 2800 теңгенің төңірегінде есептеледі. Кейін оны сауда нүктелері мен базарларға жеткізу ақшасы бар, арада делдалдар қосылады, саудагер пайдасын ойлайды. Осылайша, баға шарықтап шыға келеді. Десе де, жауапты ведомство Сауда министрлігімен бірігіп, бұл мәселені бақылауда ұстау үшін барлық амалды жасап жатқандарын айтты.
Кейінгі жарты жылда қазақстандықтардың етке жұмсаған орташа қаражаты – 157 мың 900 теңгенің төңірегінде көрінеді. Бұл былтырмен салыстырғанда 9,5 пайызға көп. Өткен жылы дәл осы уақыт аралығында отандастарымыз 144,2 мың теңге жұмсаған. Ең көп шығындалған өңір – Маңғыстау облысы. Ондағы бір отбасы орташа есеппен етке 233 мың теңгеден аса қаражат шығарған. Кейінгі орында – Жамбыл облысы (222 000 тг), сосын Атырау облысы тұр (219 300 тг). Етті көп тұтынбаған өңірлер көшін Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облысының жұртшылығы, ақмолалықтар бастап тұр. Ал алматылықтар етке орташа есеппен 157,2 мың теңге жұмсаған. Бұл ретте қаланың Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құны бақылауда екенін айтты.
«Бүгінгі таңда 50 тоннаға жуық ет салмағын тұрақтандырып жыл бойы бағасын 3050 теңгеден ұстап отырмыз. Шамамен 200-300 тоннаға тауарды сатып алып, ірі сауда орындарына тікелей жеткізіп, бағаны тұрақтандыруды көздеп отырмыз», – деді Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Омаров.
Елімізде етке сұраныс азайған жоқ, азаймайды да. Десе де, отандастарымыз сиыр мен қой етінің құны өсуіне байланысты бас тартып жатқан секілді. Оның орнына көбіне жылқы мен тауық етін ала бастаған. Сондай-ақ жартылай фабрикаттар мен тартылған ет, ысталған шұжықтарға да қызығушылық артқан. Ет құнының өсуіне – маусымдық факторлар, өндірушілердің шығындары мен инфляцияның әсері бар екені жасырын емес.
Оқи отырыңыз: АҚШ-тың қосымша тариф енгізу мәселесі: Қазақстан тарапы мәлімдеме жасады