Елімізде кәсіпкер қыз-келіншектердің саны бір миллионнан асты

17.03.2026 20:30

Алматыда әйелдер кәсіпкерлігін қолдау күшейіп келеді. Нәзік жандылардың бизнеске көптеп келуі - экономика өсімінің негізі. 2025 жылы Қазақстанда бір миллионнан астам әйел шағын және орта бизнесті басқарыпты. Бұл – шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48,1 пайызы, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жыл өткен сайын нәзік жандылардың әр саладағы үлесі артып келе жатқаны жасырын емес. Бизнес басқарып отырған қыз-келіншектердің қатары былтыр бір миллионнан асыпты. Әйелдер сауданы, сұлулық индустриясын, қоғамдық тамақтануды, білім беру жобаларын, сондай-ақ экологиялық және әлеуметтік бастамаларды батыл дамытып жатыр. Олар өңір экономикасын нығайта әрі заманауи даму трендін қолдай отырып, тұрақты, технологиялық және қоғамдастыққа бағытталған кәсіпорындар құруда.

«Қазіргі таңда рэестрде 150 кәсіпкер тіркелген. Соның 70 пайызы әйелдер. Олар ағарту саласында, инклюзия, ДЦП, аутизмге шалдыққан балаларды оқыту, оларға ел қатарлы білім берумен айналысады. Медицина, экология саласында жобалары бар», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының бөлім жетекшісі Әсет Әмірбеков.

Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен елімізде 20 кәсіпкерге қызмет көрсету орталығы және шағын қалалар мен ауылдарда 164 өңірлік орталық жұмыс істейді. Олар қызметтерді ақысыз ұсынып, жұмыс істеп тұрған және ісін жаңа бастағандарды қамтиды.

Бүгінгі таңда әйелдер кәсіпкерлігін қолдайтын төрт негізгі құрал бар:

  • Ақпараттық-консультациялық көмек. Онда әйелдер негізгі сұрақтарға жауап алады: бизнесті қалай тіркеу, мемлекеттік қолдауды пайдалану және тендерлерге қатысуды үйренеді. 
  • Жұмыс істеп тұрған бизнесті сервистік қолдау. Бұл бухгалтерлік есеп, салық, бизнес-жоспар мен ілгерілету стратегиясын әзірлеу.
  • «Іскерлік байланыстар». Кәсіпкерлер шетелдік әріптестермен байланыс орнатып, шетелде тағылымдамадан өтеді.
  • Жергілікті өндірушілердің әлеуетін ашуға көмектесетін және ауылдық жердің экономикалық дамуын күшейтетін "Бір ауыл-бір өнім" жобасы.

«Мемлекеттен қаражат және ғимарат жағынан көмек ала алады. Мысалы егер реестерге тіркеліп жатса, әлеуметтік ксіпкерлер Үкімет тарапынан жалға өте төмен бағамен ғимарат алады. Оның 1 шаршы метрі 500 теңгеден аспайды. Тағы 5 млн теңгеге дейін гранттық конкурсқа қатыса алады. «Даму» қоры арқылы несие алады. Оның пайызы 6-9 пайыздан аспайды», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының бөлім жетекшісі Әсет Әмірбеков.

 Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал етіп қана қоймай, Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және барлық әйелдер мен қыздардың құқығын тең қорғауды да қарастырады.

Оқи отырыңыз: Ата Заң – бизнестің белін бекем буып, құқығын қорғайтын қалқан