Елімізде отау құрып, отбасылы болып жатқан жандар көбейген. Былтыр 123 мыңнан аса неке тіркелген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,3 пайызға артық. Алайда ажырасқандар да азаймай тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Отан – отбасынан басталады» демекші, шаңырақ көтеріп, өздерінің кішігірім мемлекетін құрып жатқандардың көбейгені көңіл қуантады. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2024 жылы 123 мың 600 жұп отау құрған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,3 пайызға артық. Ең көп неке қию дерегі – Алматы қаласында тіркелген. Былтыр шаһарда 13 мыңнан аса жұп махаббатын заң жүзінде бекіткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 пайызға көп. Екінші орында Түркістан облысы тұр. Онда 12 мыңнан аса жұп үйленіпті. Үшінші орынды елордалықтар иемденген. Ал ең аз неке Ұлытау облысында тіркелген көрінеді. Солтүстік Қазақстан мен Абай облыстарында да көрсеткіш төмен.
Тағы бір қызық дерек – соңғы бір жылда ер азаматтарға қарағанда өз бақытын тапқан бойжеткендердің үлесі басым. Нақтырақ айтсам, алғаш рет үйленген жігіттер саны 96 мыңнан асқан. Ал алғаш рет тұрмысқа шыққан бойжеткендер саны 98 мыңға жуықтайды. Алайда ажырасқаннан кейін қайта шаңырақ көтеруден ерлер дес бермейтін сыңайлы. Өйткені 25 мың 700 ер адам қайта отбасылы болған. Бұл көрсеткіште әйелдер қатары 1700-ге кем. Ал жесір қалған отандастарымыздың жаңа отау құруы сиреп бара жатқан көрінеді.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, былтыр 40 мыңнан аса неке бұзылған. 123 мыңнан аса жаңа отбасы құрылды деп қуанғанымызбен, соның үштен бірінің шаңырағы шайқалды. Бұл 2023-пен салыстырғанда 0,9 пайызға көп. Ең жиі ажырасқан отбасылар некеде 1-4 жыл аралығында тұрыпты. Одан кейінгі орында 9 жыл отасқандар, ал 20 жыл ғұмырын бірге өткізіп, соңында айырылысып жатқан жұптардың саны 4 мыңнан асыпты. Мұндай үрдіске тереңінен үңіліп жүрген сарапшылар отандастарымыз «отбасы» мен «неке» ұғымдарына әр түрлі қарайды дейді. Сауалнамаға қатысқандардың 50 пайызға жуығы «отбасы» дегенді ең алдымен - махаббат, бақыт, сәби сүю, бір сөзбен айтқанда «өмірдің мәні» деп біледі. Ал 23 пайызы «жанұя» дегенді жауапкершілік пен міндет деп есептейді. 16 пайыздан астамы – қоғамның негізі десе, 7,1 проценті – жалғыздықтан құтылудың жалғыз жолы деп санайды. Бұл сауалға біз де жауап іздеп, көпшіліктен сұраған едік.
Алматылықтар былай дейді:
«Адамның өмірінде отбасы – ең құнды нәрселердің бірі. Отбасыдан артық ештеңе жоқ».
«Менің ойымша, әр адамның міндеті сияқты ғой. Біз бұл өмірге не үшін келдік? Осы өмірді ары қарай жалғастыру үшін».
«Әр отбасы әр түрлі ғой. Біреулер махаббатпен, біреулер планмен үйленіп жатады. Енді махаббатпен үйленген дұрыс шығар деп ойлаймын».
«Үйдегілердің барлығының бірлігі және де ақылдасып, шешім қабылдауын отбасылық құндылық деп есептеймін».
«Ең алғашқы махаббатыммен үйлендім. Әйеліме әрқашан қорған болып, отбасым маған арқа сүйейді».
Ал әлеуметтанушы мамандар қазіргі заманда ажырасуға түрткі болатын негізгі 3 факторды алға тартады.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық, мінездердің үйлесімсіздігі, жұбайлардың бір-біріне деген опасыздығы мен бір-біріне деген сенімнен шығуы. Бұл – әлеуметтік психологиялық себептер. Екіншісі – экономикалық себептер. Яғни, жұмыссыздық, жұмыстың жоқтығы, бар болса да табыстың аздығы, несиенің көптігі, отбасылық бюджеттің дұрыс жүргізілмеуі. Үшіншіден, Қазақстандағы ажырасу рәсімдерінің жеңілдігі. Яғни, қазір электронды үкімет арқылы жүзеге асыру қиын болмай қалған», – деді әлеуметтанушы Серікболсын Сарыбаев.
Елімізде жас жұптардың 60 пайызға жуығы бірін-бірі сүйіп қосылса, 17 пайызы махаббатты емес, алдымен көзқарас пен қызығушылықтың ұқсас болуын көздепті. 18,7 проценті қандай да бір пайда үшін өзара келісім жасап, қарым-қатынасын заңдастырған көрінеді. Ал 10,7 проценті тек бала сүю үшін шаңырақ көтерген. 5 пайыздан астамы ата-анадан тәуелсіз болғысы келсе, 5 пайызы материалдық жағдайын жақсарту мақсатында үйленіпті.
Мамандар қоғамда отбасылық құндылықты кеңінен насихаттау маңызды деп атап өтті. Некенің басты призмасы – махаббат, түсіністік, жауапкершілік және ортақ мақсат екенін жастар ұғына білуі қажет.
Оқи отырыңыз: Алматының Жетісу ауданында 210 абонент орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылды