Омаров көшесінің бойында 913 метр кәріз желісі салынып, асфальт та төселді
Алматының Жетісу ауданындағы 6 мыңнан аса үй орталықтандырылған су және кәріз жүйесіне қосылады. Олардың айтуынша, жүзеге асырылып жатқан жобалар 120 көшені қамтиды. Бастама аясында 97 шақырым инженерлік желі жаңартылады. Қала әкімінің тапсырмасына сай, бұл бағыттағы іс Омаров көшесінде аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жетісу ауданындағы Омаров көшесінің бойында инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған жұмыстың барлығы толығымен аяқталып қойған. Ұзындығы 913 метр кәріз желісі салынып, асфальт та төселіпті. Бір атап өтерлігі, бастаманың аясында 210 абонент орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Ал енді аталмыш желіні коммуналдық меншікке өткізу көзделіп отыр.
«Жер үйлер, оның ішінде жаңағы ескі 1950-60 жылдары салынған инженерлік желілер бар. Омаров көшесінде асфальт жабындысын салып біттік. Беткі қақпағын көтеріп жатырмыз. Жол деңгейіне келтіріп жатырмыз», – деді мердігер компания өкілі Асылхан Омбаев.
Көше тұрғындары әжіқұдық толып кетеді деп алаңдамайды. Себебі, жағдай оңалған. Және қозғалыстың қолайлылығы үшін жол жабыны жер үйлердің қоршауына дейін төселген. Сала мамандары аудандағы істің мұнымен аяқталмайтынын айтады. Олардың сөзінше, Жетісуда су мен кәріз құбырын жаңартуға арналған 2 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ал енді екеуінің жобалық-сметалық құжаты дайын болып қалған.
«Шамамен 120 көше, 97 километр, яғни, 6 мың абонент қамтитын өте ауқымды жоба. Осы жобаның аяқталу шеңберінде Жетісу ауданының өмір сүру сапасын жақсартуға және де инженерлік инфрақұрылым жүйесінің дамуына үлкен үлес қосады деп күтеміз», – деді Жетісу ауданы Инженерлік және жол инфрақұрылымы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Данияр Сапаш.
Сандарға жеке-жеке тоқталсақ, жоба аясында 25 шақырым су және 72 километр кәріз желісін тарту жоспарланған. Жұмыс кезең-кезеңімен орындалып жатыр. Қазірдің өзінде 15 көшедегі су, ал тағы 11 көшеге кәріз құбыры «Алматы су» қарамағына берілген. Ал іске 12 бригада жұмылдырылған. 30 техника мен 60 жұмысшы бар.
Рүстем Айткәрім, Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Жылыту маусымына дайындық: биыл Астанада 7 мың 643 метр жылу трассасы жөнделеді